Өкілеттіктің бел ортасы: Мәжіліс биыл қандай заңдар қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет үйінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы жұмысын аяқтады. Бірлескен отырыс барысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент жұмысын қорытындылады. Осылайша депутаттар қыркүйекке дейін каникулға кетті.

Мәжіліс спикерінің мәліметінше, үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өтті. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болды, оның ішінде 89 заң қабылданды.
Сессия барысында депутаттар әлеуметтік саясат пен азаматтарымыздың мүддесі мызғымас басымдық екенін айқын көрсетті. Ол ең алдымен еліміздің негізгі қаржы құжатында – үш жылдық бюджетте көрініс тапты. Атап айтқанда, оның шығыс бөлігінің шамамен 40 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге баса мән берілді.
Биылғы жылдың басынан базалық зейнетақы 6,5 пайыз, сабақтас зейнетақы 8,5 пайыз өсті. Әлеуметтік төлемдер көлемі де, алушылар саны да артты. Қыркүйек айынан бастап стипендия мөлшерін тағы да көтеру жоспарланып отыр. Кейінгі бес жылда стипендия екі есе дерлік өсті. Оған қоса, ғылыми атақ үшін де үстеме ақы қарастырылды. Сонымен қатар, халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге, ауылды қолдауға қосымша қаражат бөлінді.

- Бұл шараның бәрі азаматтарымыздың тұрмысын жақсартуға, өңірлерді дамыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Үш кодекстің жаңартылып, қабылдануы Президентіміздің іргелі реформаларының іске асуының нақты көрінісіне айналды. Бұған дейін бірде-бір заң жобасы жаңа Салық кодексі сияқты кең талқыланбаған шығар. Жұмыс тобы отырыстарына қатысқан мамандар мен түрлі сала өкілдерінің саны 300 адамға дейін жетті. Заң шығарушылар алдында қолданыстағы тәртіпті түбегейлі өзгерту, салық жүйесін жеңілдету, ережелерінің түсінікті болуын қамтамасыз ету міндеті тұрды. Сөйтіп, байыпты пікірталастар нәтижесінде Парламент барлық түйткілді мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келді, - деді Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, депутаттар бизнеске артық салмақ салмай-ақ, салық саясатын экономиканың тұрақтылығына, азаматтардың бақуаттылығына бағыттауға қол жеткізді. Әділеттілік идеясы корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесі мен жеке табыс салығының прогрессивті межесінен көрініс тапты. Енді кім көп табыс тапса, сол салықты көбірек төлейді. Бұл ретте, табысы төмен азаматтар үшін елеулі жеңілдіктер қарастырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер жеке табыс салығынан босатылады.
- Депутаттарымыз бұл ұсынысты бірнеше жылдан бері айтып жүрген болатын. Көтерілген тағы бір маңызды әлеуметтік мәселе – дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерді қосылған құн салығынан босату. Сондай-ақ, депутаттар кітап оқу мәдениетін насихаттау үшін баспалар мен баспасөз басылымдарын қолдау жайын да қарастырды. Жалпы, қабылданған Салық кодексі мемлекет – бизнес – қоғам арасындағы әділетті қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашпақ. Үкіметпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде біз сапалы, ашық, әділетті әрі түсінікті Салық кодексін қабылдадық, - деді ол.
Ерлан Қошановтың атап өтуінше, қабылданған Бюджет кодексі орнықты экономикалық дамудың, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігіне айналды. Бұл ретте, бюрократиядан арылу көзделіп, бюджеттік рәсімдер мерзімдері екі есе қысқарды. Жаңа заңнамалық нормалар Ұлттық қор ресурсының тиімсіз жұмсалуына берік тосқауыл қояды. Ел Президентінің тапсырмаларын орындау аясында өңірлердің бюджеттік дербестігі артты. Салық түсімдерін жергілікті бюджеттер деңгейіне беру жалғасын тапты. Сонымен бірге, Үкіметтің және бюджет процесіне қатысушылардың заң шығарушы орган алдындағы есептілігі күшейтілді. Мұндай ашықтық пен есептілік азаматтардың мемлекет қаржысына деген сенімін арттыруға бағытталған.
- Мемлекет басшысы су ресурстарымен қамтамасыз ету жайы нашарлап, жаһандық сипат алып келе жатқанын бірнеше рет айтқан болатын. Осы мақсатпен еліміздің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар құжат – Су кодексі қабылданды. Беделді «One Water Summit» халықаралық жиынында Президентіміз кең-байтақ жері бар, бірақ теңізге шығатын жолы жоқ еліміз үшін судың қадірі ерекше екенін атап өткен еді. Сондықтан, Кодексте су ресурстарын қорғау мен дамытуға, оны үнемдеп, жауаптылықпен пайдалануға басымдық берілді. Суды қайта пайдалану технологиясы, судың ысырабын азайту шаралары еліміздің тәжірибесіне енгізілді. Жалпы, Су кодексінің жаңа нормалары «тіршілік көзін» үнемдеп, болашақ ұрпақтың игілігі үшін берік негіз қалайды. Осылайша, Парламент бұл сессияда маңызды үш салалық кодексті жаңғыртып, жүргізіліп жатқан реформалар талабына бейімдеді, - деді Мәжіліс төрағасы.
Оның айтуынша, осы парламенттік маусымда депутаттар халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер ететін өзекті мәселелерді шешу жайын назардан тыс қалдырған жоқ. Мәселен, балаларды кешенді түрде қолдау шаралары жалғасын тапты. Өткен сессияда «Ұлттық қор – балаларға» заңын қабылдады. Сол жұмыстың жалғасы ретінде осы сессияда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйесінің заңнамалық негізі жасалды. Жинақталған қаражатты еліміздегі және шет мемлекеттердегі колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуға, тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Бұл – мемлекет тарапынан балалардың білімі мен болашағына салынатын игі инвестиция.

Сондай-ақ, депутаттардың бастамасымен дарынды балаларды қолдауға қатысты нормалар енгізілді. Енді халықаралық олимпиада жеңімпаздары білім беру грантын конкурссыз иеленіп, оны «Болашақ» бағдарламасы аясында да ала алады. Бұл – оқуда үздік нәтиже көрсеткен балаларға деген мемлекеттің шынайы қамқорлығы.
- Осы сессияда азаматтардың денсаулығын қорғау мәселесіне бұрын-соңды болмаған дәрежеде назар аударылды. Депутаттар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кейбір тәсілдерді қайта қарады. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасы енгізілді. Енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматқа базалық медициналық көмек беріледі, - деді ол.
Мәжіліс спикерінің атап өтуінше, жұмыссыз жүрген және жұмыс істемейтін адамдар үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеу жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Ұсынылған шаралардың арқасында миллионнан астам қазақстандық қосымша сақтандыру жүйесімен қамтылады. Бұдан бөлек, міндетті онкологиялық скрининг мемлекеттік тегін медициналық көмек қызметтері тізбесіне енгізілді. Бұл маңызды шара үш жарым миллион адамды қамтиды. Құлағы нашар еститін, бірақ мүгедектігі жоқ азаматтарды есту протездерімен жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бұл шара көп адамның, әсіресе балалардың өмірін жақсартуға, олардың әлеуметтік ортаға оңай бейімделуіне мүмкіндік береді.

- Денсаулық сақтау саласында әлі де түйткілді мәселелер бар. Осы жұмысты Үкіметпен бірге келесі сессияда жалғастырамыз, - деді Ерлан Қошанов.
Оның айтуынша, қызметтік міндетін атқару үстінде қаза тапқан құқық қорғау органы қызметкерлерінің отбасыларына қолдау көрсету шаралары әлеуметтік әділеттілік жолындағы елеулі қадам болды. Сондай-ақ Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері жөніндегі заң аясында азаматтық қорғау және өзге де құқық қорғау органдары қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері көзделген. Бұған қоса, депутаттар тұрғын үй алуға құқы бар азаматтардың санатын кеңейтті. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар қатарына енді жесір әйелдер де кіретін болды. Бұл шаралар қиын жағдайға тап болған жандарды мемлекет есебінен бірінші кезекте баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Парламент қабылдаған жаңа шаралар үлескерлік құрылыс саласында тәртіп орнатып, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған. Нәтижесінде үлескерлердің алданып қалуы жайттары азайды. Халықтың шамадан тыс қарыз алуын азайтуға бағытталған маңызды нормалар қабылданды. Қаржылық қызмет алушылар құқығын қорғау шаралары күшейтілді. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін қарыз бен микрокредиттер бойынша төлем мерзімін үш айға шегеру мүмкіндігі енгізілді. Мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерге несие мен шағын займдар беруге тыйым салынды. Сондай-ақ, бұрын несие алмаған азаматтарға өзінің қатысуынсыз, қашықтан қарыз алуға тыйым енгізілді. Алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерді есептен шығаруға негіз болатын нормалар аясы да кеңейтілді.
- Депутаттар бастамашы болған Есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-әрекет туралы заң – дер кезінде қабылданған, аса маңызды құжат. Бүгінде еліміздегі түзету мекемелерінде төрт мыңға жуық есірткі өткізушілер мен жасырып кетушілер, яғни закладчиктер қамауда отыр. Әдетте, бұл – жеңіл жолмен ақша табуды көздеген, бірақ есірткі өндірушілермен бірдей жаза арқалаған өрімдей жастар. Депутаттар Президенттің есірткі қылмыстары бойынша жазаны саралау жөніндегі тікелей тапсырмасын заң жүзінде орындады. Осылайша, есірткі өндіру мен оны өткізу арасындағы жауаптылықтың ара-жігін ажыраттық. Сонымен бірге, есірткі барондарының жауапкершілігі барынша күшейтіліп, олардың әрекеттері аса ауыр қылмыстарға теңестірілді. Енді есірткі дайындағаны, өңдегені және өндіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылды. Бұл ретте, мемлекет алғаш рет шалыс басқан есірткі жасырып кетушілердің түзу жолға түсуіне мүмкіндік беріп отыр. Жаңа нормаларға сәйкес, соттарда 3 мыңнан астам іс қаралып, қанағаттандырылды. Сөйтіп, 200-ден астам адам бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқартылады, - деді Мәжіліс спикері
Мәжіліс төрағасы депутаттар лудоманиямен күрес бойынша да жұмысты жалғастырғанын айтты. Нәтижесінде қоғамды бұл кеселден арылтуға бағытталған қосымша шаралар қабылдады. Ғимараттар мен құрылыстарда, онлайн-платформаларда букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынды.
- Соңғы кездері ұлттық дәстүр деген желеумен, мәжбүрлеп үйлену үшін қыз алып қашу жайттары жиі кездесе бастады. Негізінде, бұл – адам құқығы мен еркіндігін өрескел бұзу. Мұндай әрекетті Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті масқара тірлік» деп атағаны бекер емес. Өкінішке қарай, қолданыстағы заңнамадағы олқылықтардың кесірінен бірен-саран іс қана сотқа жетті. Сондықтан депутаттар некеге тұруға мәжбүрлеу ісі үшін қылмыстық жауаптылық енгізді. Жаңа норма осындай әрекеттерге толыққанды құқықтық баға беруге мүмкіндік тудырады. Әрі қыздарымыз бен қарындастарымыздың абыройы мен ар-намысын қорғайды. Бұдан бөлек, Парламент адамның бет-жүзін тануға бөгет болатын киім киюге де тыйым салды, - деді ол.

Ерлан Қошановтың атап өтуінше, депутаттар Қазақстан армиясының беделі мен мәртебесін арттыру, ұлттық қауіпсіздікті нығайту ісіне ерекше басымдық берді. Сессияда әскердің әлеуеті мен қорғаныс қауқарын күшейтетін 4 заң қабылданды. Бұл құжаттар сардарлар мен сарбаздарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізіп, рухын көтере түсті. Әсіресе, әскери-патриоттық тәрбие бағытында маңызы зор түзетулер бекітілді. Қабылданған заңдар тұтас ел жастарының отаншылдық сезімін күшейтуге ықпал етпек.
- Мемлекет басшысының бастамасымен Конституцияның 30 жылдығына орай қабылданған Рақымшылық туралы заң – нағыз ізгіліктің көрінісі. Құжат жаза басқан жандарға жаңа мүмкіндік беруге бағытталған. Амнистия 15 мыңнан астам сотталған адамды қамтымақ. Олардың екі мыңға жуығы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылып, қалғандарының жаза мерзімі қысқартылады. Бұл – сүрінген жандардың қалыпты өмірге қайта оралуына септесетін игі қадам, - деді палата спикері.
Оның мәліметінше, Парламент 39 халықаралық шарт пен келісімді ратификациялады. Олардың қатарында көршілермен, серіктестермен экономикалық байланысты, инвестицияны, логистиканы, сауданы, энергетиканы, басқа да салаларды дамытуға бағытталған шарттар бар. Мұның бәрі экономиканың, бизнестің өркендеуіне, азаматтарымызға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Сессия барысында депутаттар халықаралық парламенттік ұйымдар аясында белсене жұмыс істеді. 307 халықаралық іс-шараға қатысып, 34 шет ел парламентімен ынтымақтастықты жүзеге асырды.

Үкімет сағаттары мен парламенттік тыңдалымдар өткізу форматының практикалық маңызы арта түсті. Бас-аяғы 11 Үкімет сағаты мен 3 парламенттік тыңдалым өтті. Өткен парламенттік тыңдалымдар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек адамын қолдау сияқты өзекті мәселелерге арналды. Сондай-ақ сот пен құқық қорғау жүйелерін және заң білімін дамыту мәселелері қозғалды. Депутаттар көтерген барлық мәселе тиісінше зерделенді. Үкімет тарапынан оларға жауап берілді.
- Осы сессияда Парламент депутаттары 500-ден аса елді мекенге барып, азаматтармен 1200 кездесу өткізді. Онда көтерілген барлық мәселе Үкімет алдына қойылды. Мәжілістің Қоғамдық қабылдау қызметі де – халықпен кері байланыстың маңызды тетігі. Сессия басталғалы бері депутаттарға екі мыңнан астам адам жүгінген. Кейбір депутаттар күніне 100 азаматқа дейін қабылдаған. Сонымен қатар, депутаттарға тұрақты негізде жазбаша өтініштер келіп түседі. Осы сессияда депутаттар азаматтардың 30 мыңнан астам хатын қарады. Осының бәрі азаматтардың «халық үніне құлақ асатын мемлекетке» деген сенімін нығайтып, елеулі нәтиже береді.
Сессия барысында барлық 6 парламенттік фракция, Қазақстан халқы Ассамблеясынан және бір мандатты округтерден сайланған депутаттар бірлесе ауқымды жұмыс атқарды. Олардың көзқарасы сан түрлі болғанымен, мемлекеттік саясат, халық мүддесі мен реформалардың принципті мәселелері бойынша ортақ ұстаным қалыптастыра алғанымызды атап өткен жөн, - деді Ерлан Қошанов.