ОҚО әкімі соғыс ардагеріне Елбасының атынан сыйлық сертификатын табыстады

Қадірменді қария өзін мерекемен құттықтаған ҚР Президенті мен өңір басшысына алғыс білдіріп, егемен елімізді өсіп-өркендету жолында атқарылып жатқан игі тірліктерді қолдайтынын жеткізді. Ел құрметіне бөленген Қаратай Төлебеков 1924 жылы Бәйдібек ауданы Жүзімдік ауылында туған. Майдангер 1942-1950 жылдары Кеңес Армиясының қатарында қызмет етті. Екінші Прибалтика майданында 240-ші полктің 482 жеке батальоны құрамында ұрыстарға қатысты. Көрсеткен ерліктері үшін ІІ-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен, мерекелік медальдармен марапатталған.
От пен жалында шыңдалған жауынгер 1950-1958 жылдары саяси партия органдарында қызмет етті. Кейін 1962-1986 жылдары Шымкент кооператив техникумында, Оңтүстік Қазақстан облысындағы орта арнаулы оқу орындары директорлар кеңесінің төрағасы жұмыстарында істеді. 1998-2004 жылдары Шымкент политехникумында менеджмент кафедрасында меңгеруші болды. Ал, 1998-2004 жылдар аралығында «Мирас» университетінде дәріс беріп, құрметті профессор атанды. Ардагер жары Қымбат Бердалиева екеуі төрт перзент тәрбиелеп өсіріп, олардан 8 немере сүйген бақытты ата-ана.