ОҚО әкімі суармалы жер көлемін арттыруды және су көздерін тиімді пайдалануды тапсырды
Жиында жерді ұтымды пайдалану жайы тыңдалып, таразыланды. Сонымен қатар, су көздерін тиімді пайдалану күн тәртібіндегі бірінші мәселе екендігін айтқан өңір басшысы суармалы алқаптарды барынша тиімді қолдану жайына ерекше тоқталды. Бүгінде облыстағы 43 каналдың жөндеу жұмыстарына 4 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Осы каналдармен былтыр және алдыңғы жылдары жөнделген суландыру жүйелерінің ауыл шаруашылығын дамытуға қосып отырған пайдасын тиянақты талдап, тиімділігін зерделеу жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Сырдария өзенінің 340 шақырымы Оңтүстік Қазақстанның аумағынан өтеді. Осы өзеннің оң жағалауындағы құнарлы алқапты ұтымды пайдалану мәселесі де жиында тыңғылықты сараланды. Мәселен, Шардарадағы дария жағалауында 1700 гектар алқапты ауыл шаруашылығы мақсатына қолдануға болады. Осы сынды Түркістан, Арыс аудандарындағы өзен бойы жағалаулындағы алқапты тиімді пайдалану қажеттілігіне ерекше назар аударылды, тереңінен зерттеу жайы кеңінен сөз болды. Бұл үшін өзеннен егіске су сорғы орнату арқылы алқапты тиімді пайдалануға болады. - Аудан әкімдіктері мен ауыл шаруашылығы басқармасы Сырдария өзені жағалауындағы жерлерді ұтымды қолдану жайлы бірлесе нақтылы жоспар дайындаса, аталған жобаларды қаржыландыруға дайынбыз, - деді. облыс әкімі. Бұл үшін облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев бастаған жұмыс тобына бір ай мерзім ішінде жан-жақты талдау жасау жүктелді.