01:24, 26 Қараша 2015 | GMT +5
ОҚО әкімінің кеңесшісі - облыс әкімдігінің Астана қаласындағы өкілі тағайындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Бауыржан Бақытұлы Омарбеков облыс әкімінің кеңесшісі - облыс әкімдігінің Астана қаласындағы өкілі болып тағайындалды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Аталған қызметте Б.Б.Омарбеков өңірдің кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық дамуы, инвестиция тарту және туризм мәселелерін қадағалайтын болады.
Бауыржан Бақытұлы Омарбеков 1983 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы - экономист. Еңбек жолын «Қазкоммерцбанк» АҚ Шымкент филиалында менеджер болып бастап, «Тұран Әлем Банкі» АҚ ОҚФ, «БТА банк» АҚ Шымкент филиалы, «Альянс банк» АҚ Шымкент қаласындағы филиалында сектор меңгерушісі, бөлім басшысы, директордың орынбасары болып еңбек еткен.
«Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ЖШС-нің бас директоры, Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары және аталған басқарманың басшысы қызметін атқарды.