ОҚО аумағында тасқын су қаупін алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Жол саласына қатысты мамандар қыста атқаратын міндеттерін аяқтап, көктемдегі сақтық шараларына кірісіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын ұйымдастырып жүрген «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының мамандары бүгінде Түркістан және Арыс қалалары мен Созақ, Түлкібас, Ордабасы аудандарында жағдайды қалпына келтіруде. Көліктердің қауіпсіз ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұмыстарды атқаруға мекеменің 100-ден астам жұмысшысы жұмылдырылды.
Атап айтсақ, «Оңтүстік жолдары» жұмысшылары дәл қазіргі таңда Созақтағы КХ-57 «Созақ-Қарағұр-Бақырлы» автомобиль жолындағы су құбыры бұзылған 37+900 шақырымын қайта қалпына келтіріп, монтаждау жұмыстарын жүргізген болса, Түлкібастың КХ-69 «Тастұмсық-Жыланды-Азаттық-Шұқырбұлақ» автомобиль жолының 69+950-69-650 шақырымындағы су құбырларында орын алған тасқын суды арнайы техникалармен қалпына келтіру шаруаларын атқаруда. Түркістанда да осындай жағдай. Онда қазіргі таңда КХ-58 «Түркістан-Балтакөл-Нұртас ауылы-Шорнақ-Қарнақ-Кентау» 69+500 шақырым аралықтарын және КХ-84 «Түркістан-Балтакөл» автомобиль жолының 19-26 шақырым аралықтарында тасқын су жүруде. Нысандағы бүгінгі ахуалды мамандар дамбы салу арқылы тұрақты жағдайда ұстап отыр.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұттың мәліметінше, жауын-шашын басылып, тасқын судан келетін қатер сейілгенше мекеме мамандары жағдайды тұрақты бақылауда ұстайды. Ал, жоғарыда аталған аудан, қалалардан өңірдің өзге аймақтарындағы ахуал қанағаттарлық қалыпта.