ОҚО бойынша мектеп, лицейлер мен гимназиялар оқушылары жасаған қылмыстар көлемі ұлғайды

Бұл жайында бүгін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы барысында таратылған мәліметтерде айтылған.
«Қазіргі кезде елдің, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы белгілі бір оң үрдістерге қарамастан, әсіресе жас ұрпақтың рухани-адамгершілік дағдарысты бастан кешірулері жалғасуда. Оған кәмелетке толмағандар арасындағы жасалған қылмыстың жоғары деңгейі куә болады. Мысалы, облыс орталығы Шымкент қаласында 1 жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жасөспірімдер қылмысының 33,6 пайызға немесе 113-тен 151-ге дейін өскені тіркелді»,-делінген аталған комиссия хатшылығының мәліметтерінде.
Облыс бойынша мектеп, лицейлер мен гимназиялар оқушылары жасаған қылмыстар көлемі 31,3 пайызға ұлғайды (163-тен 214-ке дейін). 4 адам өлтіру тіркелген және басқа да фактілер анықталды.
«Әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін ішкі істер органдарына 3 мыңнан астам кәмелетке толмағандар жеткізілді»,-делінген бұл мәліметтерде.