ОҚО-да 38 инвестициялық жобалардың таныстырылымы болды
Бұл жобалардың барлығы атап айтқанда, «Қазагроқаржы», «Қазагромаркетинг», «Максимум» өңірлік инвестициялық орталығы, «Ырыс» микроқаржылық ұйымы сияқты әртүрлі қаржы институттарына көрсетілді. Ал олар өз кезегінде кәсіпкерлерге қаржыландыру кезіндегі басымдықты бағыттар, қаржыландыру және субсидиялау тетіктері туралы айтып берді.
Ұсыныстардың арасында бидайды тереңдете өңдейтін зауыт құрылысы, 100 мың гектарда ет-сүт өнімдерін өңдейтін агроөнеркәсіптік кешен салу сияқты инновациялық жобалар болды. Сонымен бірге, кәсіпкерлер бақша және жеміс өнімдерін немесе шырынды сусындар шығаратын зауыт ашу, кондитер кәсіпорнын іске қосу, тіпті жылжайларда цитрус өсімдіктерін өсіру сияқты қызықты ұсыныстарын ортаға салды.
Ұсынылған 38 жоба жүзеге асырылған жағдайда қосымша 2800 жұмыс орындары ашылмақ, салықтық түсімдер де 5 млрд. теңгеге ұлғаймақ. Қандай жобалар қолдауға ие болғанын енді қаржы институттары шешуі тиіс.