ОҚО-да 5 адам қаза тапқан жол көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды

Шымкент-Шаян тас жолы бойында орын алған жол апаты кеше кешкісін 20.00-де болған. «Ауди» және «Мерседес» автокөліктері Бәйдібек ауданы аумағында соқтығысуы салдарынан 1976, 1988, 2012 және 2016 жылы туған төрт жолаушы жан тәсілім еткен. Яғни араларында 5 және 1 бастағы бүлдіршіндер де бақилық болды.
Сонымен қатар «Ауди» автокөлігінің 44 жастағы жүргізушісі де ауруханада көз жұмды. Аудандық ауруханаға сондай-ақ көлікте болған 35, 29 жастағы ересек және 6, 7 жастағы балалар мен «Мерседес» автокөлігінің 52 жастағы жүргізушісі әр түрлі дене жарақаттарымен жатқызылды. Олар Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысының тұрғындары екені анықталды.
Қазіргі таңда осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабымен «Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша іс қозғалды. Өңірдің тәртіп сақшылары жол көлік оқиғасы кімнің кінәсінен болғаны жөнінде анықтау шараларын жүргізуде.