ОҚО-да алаяқтар жұртты алдаудың жаңа тәсілін тапқан

Сайрам АІІБ-ның кезекші бөліміне Қарабұлақ ауылының бірнеше тұрғындары арызданды. Олар белгісіз тұлғалардың алаяқтық жолмен ақшаларын иемденіп, іздерін суытқанын көрсеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190 бабы «Алаяқтық» бойынша Сайрам АІІБ-ның СДТБТ-не тіркелді.
Сайрам АІІБ-ның жедел-іздестіру іс-шараларының жүргізу барысында Шымкент қаласының 1973 және 1980 ж.т. тұрғындары ұсталды. Тергеу барысында қолға түскен тұлғалардың алаяқтықтың 4 жайтына қатысы бар екендігі анықталды.
Олар арнайы ойластырылған жүйе бойынша жұмыс жасаған. Базардың жанына бір бума ақша тастап, сыртынан бақылап тұрған. Кезекті құрбан ақшаны алып жатқан кезде, іске алаяқтардың өзі кіріседі. Біреуі ақша тапқан адамға келіп, ақшамен бөлісуді ұсынады, ал екіншісі оның «жоғалған» ақшасын қайтаруды сұрайды. Нәтижесінде ер азаматтар жәбірленушінің ақшасын алаяқтық жолмен алып кетеді. Мысалға, Түлкібас ауданының 1983 ж.т. азаматынан осындай жолмен 360 мың теңгесін жымқырып кеткен.
Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 190 бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.