ОҚО-да алғаш рет жастар арасында жағажай спортынан жарыстар өтті

Аймақта алғаш рет өткізілген шараны облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Шардара ауданы әкімдігі ұйымдастырды. Студент жастар арасындағы ойындар негізінен, спорттың жағажай волейболы, шағын футбол және арқан тарту түрлері бойынша өрбіді. Кешке дейін жалғасқан сайыс қызықты да тартысты өтті. Спорттық жарыстардан бөлек, теңіз жағасында шомылған жастар құмнан қалашықтар салып, «ЭКСПО - 2017», «Бәйтерек» нысандарын бейнеледі.
Жүлде қоры 1 млн теңгені құрайтын спорттық ойындардың жеңімпаздары арнайы сый-сыяпаттарымен марапатталды.
Атап айтқанда, шағын футбол бойынша ІІІ орын Қазығұрт ауданына беріліп, арнайы дипломдармен қатар 25 мың теңге қаржылай сыйлық тарту етілді. ІІ орын кентаулықтарға бұйырып, олар 50 мың теңгені иеленді. І орынды жеңіп алған Мақтаарал ауданына 70 мың теңге сыйға тартылды, бас жүлдеге иегері - Шардара ауданының командасы 100 мың теңге қаржылай сыйлық алды. Сол сияқты, арқан тарту ойынында ІІІ орынды Түлкібас, ІІ орынды Қазығұрт, І орынды Мақтаарал, бас жүлдені Шардара ауданы жеңіп алды. Жағажай волейболында ІІІ орынды Созақ ауданы, ІІ орынды Шымкент қаласы, І орынды Кентау қаласы, бас жүлдені Шардара ауданы иеленді. Жеңімпаз командаларға қаржылай сыйлықтар табыс етілді.