ОҚО-да азаматтардың өтініштерін қарауды көбіне аудандық әкімдіктер созып жібереді - прокуратура

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан прокуратурасының өкілдері мәлімдеді.
Мысалға, Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылының тұрғыны Рузаеваның ардагерлердің демалыс үйіне жолдама беру туралы өтінішін ауыл әкімдігінің аппараты 9 айдан аса уақыт қараған, ал жауап тек прокурорлық тексеру кезінде ғана берілді.
Ақпараттарды алуды немесе жергілікті жерлерге баруды талап етпейтін өтініштерді қарау кезінде осыған ұқсас бұзушылықтар Шымкент (9 факт), Кентау (1 факт), Түркістан (7 факт) қалаларының, Мақтаарал ауданының (5 факт) әкімдері аппараттарында кездеседі.
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың басшыларына және олардың орынбасарларына айына кемінде бір реттен кем емес жеке қабылдауды жүргізуі жүктелгеніне қарамастан, Мақтаарал және Сарыағаш аудандары әкімдерінің орынбасарларында жыл бойы бірде-бір азамат жеке қабылдауларында болмаған.
Прокурорлық қадағалау актілерін қарау нәтижелері бойынша ауыл округтерінің 2 әкімі және 5 мемлекеттік қызметкер жемқорлыққа жағдай туғызатын заң бұзушылықтарын жібергені үшін қызметтеріне толық сәйкес еместігі жөнінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қалған прокурорлық қадағалау актілері қаралу үстінде.