13:44, 13 Маусым 2016 | GMT +5
ОҚО-да биыл 156 тұрғын үй пайдалануға беріледі
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында биыл «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы аясында 469,7 мың шаршы метр болатын 207 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ал жыл соңына дейін осы үйлердің 156-сы пайдалануға беріліп, 3 992 тұрғын жаңа пәтерге ие болмақ.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл үйлердің ішінде 85 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен болса, 35-і «ҚИК» және «ҰБХ «Бәйтерек» АҚ арқылы, ал 5-і «Самұрық қазына» АҚ арқылы салынып, пайдалануға тапсырылады. Сондай-ақ, коммерциялық тұрғын үйлер бойынша 28, тұрғын үй комбинаттары арқылы 4 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Аталған үйлердің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, тұрғындарға беріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, ел Тәуелсіздігі жылдары (1991-2015 ж.ж.) облыс бойынша барлығы 8 миллион 827 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Яғни 173 мың пәтер. Соның ішінде 72 мың пәтер халық қаржысы есебінен жеке тұрғын үй құрылысы болып табылады.