ОҚО-да есек ұрлығы өршіп отыр - терісі мен құлақтары аса қымбат

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстанда жаппай есек ұрланып жатыр. Санаулы күннің ішінде Түркістандағы ондаған ауылдан 50-ден астам жануар жоғалған.
None
None

Ал олардың терісі сыпырылып, құлақтары кесілген өлекселері ауыл маңынан табылыпты. Қара базарда бір есектің терісінің құны 40 пен 150 мың теңге арасында сатылатын көрінеді. Ал оның құлағынан тіпті еркектің қуатын күшейтетін дәрі жасалады деседі жұрт.

-Мына жерде байланып тұратын. Қазығын суыра алмаған ғой. Кесіп алған жіпті, алып шыққан, -дейді есегінен айырылған Қанатбек Жарылқасынов.

Ұрылар оның жалғыз есегін алып кеткен кезде қорада сиыр мен қой да тұрған екен. Бірақ, нақ салпаңқұлақты көздеген ұры-қары жұрт ұйқыға кеткен сәтте оны ауыл маңындағы сайға жеткізген де  құлағын кесіп, терісін сыпырып алған.  

Енді тұрғындардың есегі қарға-құзғынмен ит-құстың жемтігіне айналды.

Түркістанға қарасты Ескі Сауран ауылында бір түн ішінде 22 есек жоғалыпты. Ұрылар бәрін ауыл шетіне әкеліп соя берген.

- Қызылорда облысына  кетіп жатыр, естіп жатырмыз.  Өзімде екі есек бар-тұғын. Екеуінен де айрылдым, - дейді Ескі Сауран ауылының тұрғыны Сәрсенәлі Сүлейменов.

Жылқы мінуге жағдайы жоқ жұрт есекті бір қойға айырбастап мініске жаратып келген. Құны 30 мың теңгеден аспайтын жануардың терісі өзінен қымбат тұратынын, тіпті оның құлағынан еркектік қуатты күшейтетін дәрі жасауға болатынын естіпті.

Ескі Сауран ауылының тұрғыны Мұратхан Сағындықовтың айтуынша, есектің әрбір терісін 40 мыңнан, 80 мыңнан. Біреулер 150 мыңнан деп айтып жатыр. Өйткені терісі мен құлағы дәрі екен.

Хайуандары жоғалар күні қызылордалық нөмір тағып, қора жағалап жүрген көлікті көрген ауылдықтар полицейлерге хабар берген екен. Тіпті, күдіктілерді де анықтап берген. 5 күн өткен соң Жаңақорғаннан келген 5 адам ұсталды. 23 пен 49 жас аралығындағы күдіктілер әзірше 10 есекті сатқаны туралы мойындапты.

ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың айтуынша, жәбірленушілерге келтірілген залал мөлшері жарты миллион теңгеге жуық. Олар ұрлаған есектердің терісін  қалаға әкеліп, саудаға салған.

Полицейлердің есебінше, әр есектің терісін сауда нүктелері 50 мыңнан кем алмапты. Қазір теріні қабылдап алған орындар да тексерілуде. Ал, жануарлардың жаппай жоғалып, терісіз, құлақсыз күйде табылып жатқаны туралы ақпар Түркістаннан бөлек, тағы екі ауданнан шығып отыр, деп хабарлайды ktk.kz.

 

Соңғы жаңалықтар