ОҚО-да қараусыз жүрген мал айыптұраққа қамалатын болды
Мұндай алғашқы айыптұрақ Кентау қаласында ашылды. Мұнда күнделікті тәртіп сақшылары иесіз жүрген үй жануарларын анықтап, айыптұраққа тоғытады. Одан соң иесін іздестіріліп, оларға әкімшілік айыппұл салынады. Сырғаланған және таңбаланған малдарды құжаттарымен келген заңды иелеріне қайтарылып жатыр. Полицейлер жуырда қала көшелерінде жайылып жүрген 7 сиырды тауып алып, арнайы айыптұраққа қамаған. Кейіннен иесі табылған уақытта оларға қатысты әкімшілік шара қолданылды. Осындай шара өңірдегі мал ұрлығын 4 есеге азайтқан. Мәселен, Кентау қаласында 2016 жылдың 4 айында 12 рет мал ұрланса, осы жылдың аталған мерзімінде 3 дерек қана тіркелген. Оның екеуі бойынша ұрланған мал табылған.
Тәжірибе көрсеткендей, мал ұрлығының көп бөлігі еркін жайылымдарда мал иелерінің салғырттығынан орын алып отыр. Көбінде төрт түліктің иелері малдарын жайылымға жіберіп, қараусыз қалдырады. Ал малы жоғалған жағдайда алдымен өздері іздеп, кейіннен ішкі істер органына хабар береді. Бұл жауапсыздық әрекеттер полицейдің қылмысты ізін суытпай ашуында кедергі келтіреді екен.