ОҚО-да қатігездікпен өлтірілген таксистке қатысты қылмыстың беті ашылды

ШЫМКЕНТ. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері аса қатігездікпен өлтірілген таксистке қатысты қылмыстың бетін ашты, деп хабарланды ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметінен.
None
None

ОҚО-ның Сайрам ауданында Леңгір тас жолында ер адамның мәйіті табылды. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы өлтірілген ер адамның жеке тұлғасын анықтады. Сараптамаға сүйенсек, Шымкент қаласының 35 жастағы тұрғыны мойнына салынған пышақ жарақатынан кейін көз жұмған. Екі күннен кейін таксистке тиесілі«ВАЗ-21099» маркалы көлік қаланың базарларының бірінен табылды.

Полиция қызметкерлері анықтағандай, 19 наурызда түнде ас үй пышағымен қаруланған Төле би ауданының 20 жастағы тұрғыны өзінің 19 жасар сыныптасымен бірге, шабуылды ұйымдастыру үшін қала сыртына шыққан.

Олар жолаушылар кейпінде «ВАЗ-21099» маркалы көлікті тоқтатқан. «Адам жоқ жерге жеткен кезде қылмыскерлердің біреуі,  көліктің артында отырып, таксистің мойнына пышақ тосқан. Күш қолданамын деп қорқытып, 2 мың теңге мен 2 ұялы телефонды алып кеткен. Осыдан кейін жүргізушіні ұрып-соғып жүк багажына салып кеткен», - деді ОҚО ІІД баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Қаракөзова.

Жүргізуші Леңгір тас жолында жүк багажынан шығып, қашпақ болған. Алайда жүргізушіні байқаған қылмыскерлер оны қуып жетіп, мойны мен денесіне пышақ жарақатын салған. Күдіктілер ұсталды, ҚР ҚК-нің 96 бабы (кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар