ОҚО-да «Қауіпсіз жол апталығы» атты республикалық акция басталды

 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол апталығы» атты республикалық акция басталды. Өңірдің  Жергілікті полиция қызметкерлері 13-19 қараша аралығында ұйымдастырған шараға облыстық білім беру басқармасы мен институттар, азаматтық ұйымдар мен басқа да мемлекеттік органдар қатысуда, деп  хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

ОҚО-да «Қауіпсіз жол апталығы» атты республикалық акция басталды

Жол-көлік жарақаттарын азайту мен балаларға жол-ережелерін уйрету мақсатында ұйымдастырылған шара балалармен болатын жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталып отыр.    Республикалық акция аясында тәртіп сақшылары «Белгілі бол», «Сіздің жолаушыңыз - бала», «Жол ережесін сақтаймыз жол көлік оқиғасын алдын аламыз» сияқты байқаулар өткізбек. Сонымен қатар  «Үздік автомектеп», «Жүргізуші, менің өмірімді сақта!» атты шаралар да ұйымдастырылмақшы. Оған мектеп оқушылары мен студенттер қатысады деп жоспарланған. 

Мәселен, ішкі істер қызметкерлері 19 қарашада «Жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан дүниежүзі құрбандарын  еске алу»  акциясына қатысып, жол-көлік оқиғасына түскен адамдарға өздерінің қанын тапсырады. Ал, жергілікті полиция қызметкерлері апта ішінде рейдтік іс-шаралар өткізіп, балаларды автокресломен тасымалдау жағын тексереді.