ОҚО-да қылмыстық топ отбасы мүшелерін байлап, үйін тонап кеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Полицейлер Сарыағаш пен Мақтаарал ауданында қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат»  ХАА Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасына сілтеме жасап.

ОҚО-да қылмыстық топ отбасы мүшелерін байлап, үйін тонап кеткен

Сарыағаш аудандық ІІБ-нің полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған, онда ол көршісінің үйіне белгісіз тұлғалар қарақшылық шабуыл жасағаны туралы көрсеткен.

Оқиға орнына келіп жеткен жедел-тергеу тобы бетперде киген белгісіз тұлғалар үйге баса көктеп кіріп, үй иесінің, оның әйелі мен балаларының  аяқ-қолдарын байлап, ұрып-соғып, ақша мен алтын бұйымдарын алып кеткенін анықтаған. Қаскөйлер белгісіз бағытта бой тасалаған. Жәбірленуші үй иесі алған дене жарақаттары салдарынан ауруханаға түскен.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті ретінде қылмыстық топ анықталып, ұсталды. Олар 1982-1990 жылдары туған Шымкент қаласының тұрғындары. Қылмыстық топтың үш мүшесі қамауға алынды. Қалған екеуі іздестірілуде. Күдіктілер бұрын да істі болған.

Сарыағаш аудандық ІІБ тергеушілері ұсталған күдіктілердің өткен жылдың аяғында Мақтаарал ауданында жасалған қарақшылыққа қатысы барын дәлелдеді. Полицейлер қылмыстық топтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды.

 Қазіргі таңда аталған жайт бойынша қарақшылық бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.