ОҚО-да Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге арналған байқаудың жеңімпаздары марапатталды

11 маусым мен 21 тамыз аралығында өңірде бұқаралық ақпарат құралдарында «Отансүйгіштік Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады» тақырыбында жарық көрген материалдар арасында арнайы байқау жарияланған болатын. Комиссияның қарауына 20 автордан 37 материал ұсынылды. Оның ішінде 32 мақала «Үздік автор» аталымы бойынша әзірленсе, 5 бейнематериал «Үздік тележурналист» номинациясы аясында қаралып, сараланды.
«Мемлекеттік рәміздерді құрметтеп, қастерлеу, насихаттау тек журналистердің міндеті емес. Әрбір қазақстандық азаматтың міндеті мен парызы. Байқауға белсене қатысқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін», - деген басқарма басшысы жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды табыстады. Байқау қорытындысымен «Үздік автор» номинациясы бойынша I дәрежелі дипломды «Дөңгеленген дүние» газетінің бөлім меңгерушісі Нұрила Шынәділова иеленді. Сонымен қатар II дәрежелі дипломды «Южный Казахстан» газетінің тілшісі Салтанат Әбдіжаппарова мен тәуелсіз журналист Ділдәгүл Нұрмаханбет қанжығаларына байлады. III дәрежелі дипломды «Қазақстан жолы» газетінің жауапты хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Қарлығаш Үсенқұлова мен «Шамшырақ» газетінің тілшісі Айгүл Сүндетова иеленді. Ал «Үздік тележурналист» аталымында I дәрежелі дипломмен «Айғақ» телеарнасының тілшісі Ботагөз Мәдібек марапатталса, II дәрежелі дипломды «Отырар» телеарнасының тілшісі Мөлдір Бекеева; IIІ дәрежелі дипломды «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының редакторы Гүлмира Оңласбекова алды, деп хабарлайды ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметінен.