ОҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандар мекемесінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді
Ғимараттың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Е.Айтаханов қатысты. Жаңа ғимараттың іске қосылуы мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтердің бекітілген стандарттарға сай болуын қамтамасыз етіп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, әрбір мүмкіндігі шектеулі жанның тиісті жатын орын көлемін ұлғайтуға, медициналық көмек, оңалту шараларын арттыруға, еңбекке баулуға, бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұл мекеме 1953 жылдан бері жұмыс жасап келеді. 1989 жылға дейін кемтар балаларға арналған интернат үйі болып аталған. Ал 1989 жылдан бастап жасы 18-ден асқан созылмалы психикалық жүйке аурулары бар бірінші, екінші топтағы мүгедектерге арналған «Психикалық жүйке аурулары интернат үйі» мемлекеттік мекемесі мәртебесі берілген. 2009 жылдан бұл мекеме «Көксәйек психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылған.