ОҚО-да «Ордабасы» ФК ойындары алғаш рет тікелей эфирде көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстікте алғаш рет «Ордабасы» футбол командасының Шымкенттегі кездесулері 5 сәуірден бастап «Қазақстан-Шымкент» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілмек, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен.
None
None

Футбол жанкүйерлері үшін осы жағымды жаңалық облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының қолдауымен іске асып отыр. Бұдан былай «Ордабасының» шалғай ауылдардағы жанкүйерлері Шымкенттің Қажымұқан атындағы орталық стадионында өтетін ойындарды үйлерінде отырып-ақ тамашалайтын болады. Облыстық бас телеарнасы жасыл алаңдағы тартысты бәсекелерді жұртшылық назарына сапалы әрі уақтылы ұсынбақ. Тікелей эфирден берілетін матчтарды өңірге белгілі спорт журналистері жүргізетін болады. Айта кетерлігі, «Ордабасының» ел біріншілігі және ел кубогы жолындағы ойындары бұрын-соңды эфирден берілген емес. «Ордабасы» футбол командасының жанкүйері Берік Құрманғалидің айтуынша, облыс футболы тарихында алғаш рет жергілікті телеарна бір маусым бойы қызықты кездесулерді көрермен назарына ұсынады. «Бұл бастама өз жемісін береді деген сенімдемін. Себебі, оңтүстіктің төл командасы - «Ордабасының» 3 миллионға жуық жанкүйері бар. Сондай-ақ Шымкентте өтіп жатқан доп додасын OTAU TV арқылы өзге облыстардағы жанкүйерлер де көре алады. Трансляция барысында жергілікті жас тілшілердің де бағын сынап, өңірдегі спорт комментаторлары мектебін қалыптастыруды да көздеп отырмыз. Студияға спорт сарапшылары, жанкүйерлер, футбол мамандары қонақ ретінде қатыстырылып, футболдағы тәжірибелерімен бөліседі. Биыл «Ордабасы» Еуропа лигасында да бақ сынайды. Бас бапкер Кумыков бастаған жігіттерден күтеріміз көп. Командаға осылай қолдау көрсете білсек, сайыпқырандарымыз намысты қолдан бермейді деген ойдамын», - дейді Б.Құрманғали. Шымкенттік команда 5 сәуірде «Тараз» футбол командасымен кездеседі. Ойын сағат 14.00-де басталады. Бастапқыда кездесулер жазылып алынып, кешкі эфирден беріледі, бір-екі матчтан соң тікелей көрсетілім болады.

Соңғы жаңалықтар