ОҚО-да полицейлерді соққыға жыққан екі тұрғынның ісі сотта қаралуда
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында екі тұрғын полиция қызметкерлерін ұрып-соғып, погонын жұлған. Қазір тәртіп сақшыларын соққыға жыққандардың қылмыстық ісі аудандық сотта қаралуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, келеңсіз жағдай Ордабасы ауданында болған.
Тәртіп сақшылары жедел профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында дәмханалардың бірінен өзбекстандық азаматтарды байқап, заңға сәйкес құжаттарын көрсетуді талап еткен. Алайда, олардың құжаттары жоқ болып шығады. Сол кезде тамақтану орнынан белгісіз екі азамат шығып, бірі полиция қызметкерін соққыға жыққан. Ал, екінші полицей оларды ажыратпақ болған кезде, тұрғындар оны да ұрып-соғады. Тіпті жұрттың көзінше погонын жыртып, билік өкілдерін қорлаған. Осы сәтті пайдаланған көрші елдің азаматтары сол жерден бой тасалаған.
«Полиция қызметкерлерін соққыға жыққан екі тұрғын ұсталып, қамауға алынған. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің «Билік өкілін қорлау» және «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Олар сол күні соттың санкциясымен 2 айға қамауға алынды. Қазіргі таңда іс сотта қаралып жатыр» делінген хабарламада.
Осы оқиғадан кейін күдіктілердің туыстары екі полиция қызметкерінің іс-әрекетіне наразылық білдіріп, облыстық Ішкі істер департаментіне «билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды» деп арыз түсірген. Алайда департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы тарапынан жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, полиция қызметкерлеріне қатысты көрсетілген жайттар өз дәлелін таппаған. Құрамында қылмыстық құқықбұзушылықтың болмауына байланысты ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.