ОҚО-да рейд барысында 383 заңсыз мигрант анықталды

ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, олар «Заңсыз келуші-2012» алдын алу іс-шарасының 3 күнінде ұсталды.
Шетелдік азаматтар ҚР-ның көші-қон заңнамасын өрескел бұзған. Сондықтан да соттың шешімімен 268 бұзушы әкімшілік қамауға алынды, 43 шетелдік ел аумағынан аластатылды. Көші-қон заңнамасын бұзғандары үшін өзге мемлекеттердің 184 азаматына ҚР аумағында болу мерзімдері қысқартылды. 22 заңсыз мигрант ОҚО ІІД қабылдау-орналастыру мекемесіне жолданды, олардың барлығының жеке тұлғаны растайтын құжаттары жоқ.
Алдын алу рейдін өткізу барысында 4983 жекеменшік үй, 29 жатақхана, 39 базар, 54 шаруа және 113 құрылыс нысаны тексерілді. ҚР-ның 35 азаматы шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін жазаға тартылды. Бұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 395 және 396-баптары бойынша әкімшілік істер қозғалды.