ОҚО-да шығарылатын вакуумдық түтіктер Беларусь еліне экспортталады

Мұндай өнімдер ТМД көлемінде сирек шығарылады. Осыдан 3 жыл бұрын мемлекеттік «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасына сәйкес ашылған кәсіпорын бүгінде қарқын алып келеді. Сапалы өнімді еліміздің барлық медициналық мекемелері пайдаланады. Олжас Асқаровтың жұмысында ұсақ-түйек деген болмайды. Тыңғылықты атқарылмаса, сапаға да қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан көз алдынан өткен әрбір өнімге қырағылық керек. Кәсіпорын жылына 15 миллионнан астам вакуумдық түтіктер шығарады. Кәсіпорын құрылысы үшін 2 млрд. 330 млн теңге жұмсалған. Оның 660 миллионы мемлекеттен бөлініпті. Инфрақұрылымның барлығы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы тартылған. Болашақта шымкенттік өнімдер Беларусь қана емес, Ресей мен Қырғызстанға да жөнелтілмек. Кәсіпорын қуаты жылына 100 млн вакуумдық түтіктер шығаруға жетеді.