ОҚО-да Созақ аудандық ІІБ бастығының орынбасары екі қылмысқа қатысы бар деп күдіктелуде
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, Олжас Амандықовтың үстінен екі баппен қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі таңда Созақ аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасарына қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабымен, яғни 149 «Қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану» және «Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу» баптарымен іс қозғалып, қызметтік тексеріс жүргізілуде. Сонымен қатар осы іске қатысты Созақ аудандық ІІБ бастығы мен тағы бір орынбасары, қызметкері уақытша қызметтерінен шеттетілді»,- дейді Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Олжас Амандықовтың қатысуымен болған видео әлеуметтік желілерге тарап кеткен еді. Оны түсіргендер жоғары қызметтегі шенеунік мас күйде бөтен біреудің үйіне баса- көктей кіріп, үй иесін ұрып-соқпақшы болғанын айтқан.
Бейне түсірілімде ер азамат «Қызметкер түн жарымда менің үйіме кіріп, мас міне, есін білмейді, мас. Менің қолыма пышақ тығып, мас» деп айтқан. Кейін төбелес болып кеткен.
Келеңсіз оқиға Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы Шолаққорған ауылында болғаны айтылған болатын. Бейне түсірілімді түсіргендер сондай-ақ аудандық ішкі істер басқармасы басшылығының өздерінің қарамағындағылардың дөрекі әрекетіне көз жұма қарап отырғанын атап өткен еді.