ОҚО-да түркиялық «Ostim» индустриалды аймағының өкілдігі ашылды

Жұмыстардың шұғыл және нәтижелі болуы үшін «Оңтүстік» индустриалды аймағының ғимаратынан Түркия Республикасының «Ostim» индустриалды аймағының өкілдігі ашылды. Мұндай шешімге 1-3 ақпан аралығында өңірімізде өтіп жатқан «Қазақстан-Түркия инвестициялық форумы» аясында қос мемлекеттің салалық жетекшілерінің арасында болған өзара кездесулерде түзілген меморандум аясында қол жеткізілді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің басапсөз қызметі.
Енді «Оңтүстік» индустриалды аймағының жетекшілігі бұдан кейінгі жұмыстарын жүйелеп, жетілдіруде Түркияның даму тәжірибесін пайдаланатын болады. Өйткені, Анкарадағы 5200 кәсіпорынның басын біріктірген «Ostim» индустриалды аймағы 50 жылдан бері дамудың үздік тәжірибесін көрсетіп келеді.
Аталған шетелдік индустриалды аймақтың құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Орхан Айдын бұл жұмыстардың қос мемлекет кәсіпкерлері үшін де тиімді боларына сенім білдіріп, «Оңтүстік» индустриалды аймағының да өкілдігі, яғни, бас кеңсесі Түркияның астанасынан ашылатынын жеткізді.
Ал «Оңтүстік» индустриалды аймақтары басқарушы компаниясының бас директоры Мұхтар Тұрабековтың айтуынша, бірлескен ынтымақтастық жұмыстарының арқасында ортақ брендпен, не болмаса, жеке дара өнім әзірленіп, нарыққа шығарылады.
Айта кетейік, облыста шағын және орта бизнесті дамыту мен өңірге көптеп инвестиция тарту мақсатында ашылған 11 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Соның бірі - «Оңтүстік» индустриалды аймағына 84 кәсіпорын кірсе, бүгінде, оның 46-сы 2500-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.