ОҚО-да ұстаздар спартакиадасы өтіп жатыр

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған спартакиаданың ашылу салтанаты Шымкенттегі Жүсіпбек Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясында болып өтті. Дәстүрлі додаға облысымыздың түкпір-түкпірінен 600-ден астам ұстаз қатысып жатыр. Бірінші тоқсанды қорытындылап, бір сәт сергуді мақсат тұтқан облыс педагогтары спорттың 6 түрінен жарысуда. Үстел үстіндегі қағаз-қаламын спорттық ойын құралдарына алмастырған ұстаздардың белсенділігі де жоғары. Дайындығы мықты. «Денсаулығы мықты адам ғана қоғамға лайықты қызмет етеді. Мемлекеттің дамуына, экономикасын жақсартуға үлес қосады». Осылай деген Елбасы сөзін ұстаздар қауымы да қуаттайды. Расил Байков бәсі жоғары байқауға Арыс қаласынан арнайы келді. Комаров атындағы орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Дәстүрлі байқауда білікті ұстаз тоғызқұмалақ ойыны бойынша қарсыластарын шаң қаптырды. Жарыс екі күнге созылады. Жүлде қоры да қомақты. Ал, байқауда бағы жанып, бабы келіскендер облыс намысын республикалық сында қорғайтын болады. Осылайша, Оңтүстік Қазақстан облысының ұстаздары шәкірттеріне үлгі, өнеге көрсетуде.