ОҚО-да заңсыз балық аулаудың 117 дерегі анықталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында сәуір айында басталған «Уылдырық» жедел алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер заңсыз балық аулаудың 117 дерегін анықтады. Соның ішінде 6 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 3 тұрғынның  іс-құжаттары сотқа жолданды, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО-да заңсыз балық аулаудың 117 дерегі анықталды

ОҚО ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті полиция қызметінің өкілдері облыс аумағындағы  су айдындарында уылдырық шашу мезгілінде балықтарды қорғау бағытындағы жұмыстарын ширата түсті. Тексеру барысында түрлі заңбұзушылыққа жол берген  103 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соның ішінде 8 тұлғаның әкімшілік материалдары сотқа жолданған. Мәселен, тәртіп сақшылары аталған шара кезінде Шардара су қоймасының жағалауында электр тоғын пайдаланып заңсыз балық аулап жүрген жас жігітті қолға түсірді. Ұсталған азаматтан екі ескекті резеңке қайығы, сорғы, тоқ көбейткіш құрал және ауланған балықтар тәркіленді. Аталған дерек бойынша Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен Қылмыстық кодекстің «балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз аулау» бабымен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

null

 Облыс аумағында  балық аулаудың ережесін бұзғандарға 1 238 575 теңге көлемінде айыппұл салынып, соның 721 500 теңгесі мемлекет қазынасына өндірілген.

Өңір  полицейлері «Уылдырық» жедел алдын алу іс-шарасы ағымдағы жылдың 31 мамырына дейін жалғасатынын ескертеді.