ОҚО-да жыл басынан бері 5 мыңға жуық жүк көлігі ереже бұзған
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 5 мыңға жуық жүк көлігі ереже бұзған. Оларға қатысты өңірлік көліктік бақылау инспекциясы тиісті хаттама толтырып, 30 млн теңге айыппұл өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Алайда өңірде жүк көліктерін тізгіндегендерге айыппұл салу жұмыстарының нәтижесі байқалмайды. Өйткені, қалағандарынша жүк тиеп алып, қара жолда жүйткитіндер саны күн өткен сайын көбеймесе, азаймай отыр. Оған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі өкілдері мен инспекция мамандары бірлесе жүргізген кезекті рет рейд жүргізу кезінде көз жеткізді.
«Негізінде облыста 12 765 шақырым жол бар. Сондағы жағдайды екі мобильді топқа біріккен 18 инспектор ғана бақылау жасайды. Егер жолдың ұзақтығын есептесек, оның барлығын бақылау мүмкін емес. Сондықтан облыстық прокуратура бар, транспорттық прокуратура бар, әкімшіліктер бар, солармен бірге бақылау жүргіземіз»,-дейді Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Ержан Қалымбетов.
Мамандардың айтуынша, жолдағы ережені көбінесе, карьерлерден тас тасымалдайтын жүк көліктері бұзады. Сондықтан инспекция өткен жылдан бері осындай орындарда да тексеру жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Нәтижесінде талапқа сай жұмыс атқармайтын 23 карьер анықталып, олардың ісіне шектеу қойылды.




