ОҚО-да жыл басынан бері 800 нәресте дүниеге келді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа жылдың алғашқы бес күнінде 800-ден аса сәби дүниеге келді. Еліміз бойынша әрбір бесінші бала демографиялық өсімі жоғары оңтүстік өңірде туылады екен. Ал 2015 жылы облыс бойынша 80 мыңға жуық нәресте туылған. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
None
None

Айта кетейік, 31 желтоқсаннан 1-ші қаңтарға қараған күні перзентханаларда 233 сәби жарқын дүние есігін ашты. Оның ішінде 130 ұл бала болса, 103 қыз баласы. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 11 балаға артық.

Тоқтала кететін жайт, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің алдын ала мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 2015 жылғы 31 желтоқсанда 909 сәби дүниеге келді. Жаңа туған нәрестелер саны жағынан бірінші орында Оңтүстік Қазақстан облысы тұр. Мұнда жылдың ең соңғы күні 235 бала дүние есігін ашты. Одан кейінгі орындарда тұрған Алматы облысында - 106, Алматы қаласында - 83, Астана қаласында - 74, Жамбыл облысында - 72 бала дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар