ОҚО-да жылыту маусымы басталғалы бері 33 адам уланып қалған
Сала мамандарының сөзінше, уланып қалу жағдайларының басым көпшілігінде тұрғындар үйдегі жылыту құралын заңсыз қосып, талапқа сай тексеруден өткізбеген. Мәселен, Шымкент қаласының іргесіндегі «Қарабастау» ауылында үй иелері баспаналарын табиғи газды шлангі арқылы кіргізіп, жылытып отыр. Ал, кейбір үйлерде жұрт жуан құбыр ішінен байқатпай, жылу желісін орнатып алыпты. Қауіпсіздік талабына сай келмейтін мұндай айла-амалдар жаңа салынған үйлерде көп кездеседі екен. Өңірде көгілдір отынды тұтынатын 300 мыңнан аса абонент болса, соның 2 мыңға жуығы газды заңсыз пайдаланып отыр екен.
«Біздің облыста 100 шақты мердігер газ тартумен айналысады. Ондағы мамандардың тәжірибесіздігінен немесе кейбір айлакер іс-әрекетке барып, халықтан ақша жиып, газ қосып беретін жағдайлар бар», - дейді «ҚазақТрансГаз» АҚ өндірістік аймағының техникалық бөлім басшысы Жеңіс Қуанышбеков.
Мамандар, сондай-ақ, кейбір пәтерлерде су құбыры дұрыс орнатылмай, сыртқа шығарылуы тиіс улы түтін үй ішіне тарап кететінін айтады.
«Көбіне жер үйлерде көп болады. Өйткені, оларда автономды жылыту жүйелері жүргізілген. Көмірмен жылытады. Құбыр тазаланбайды. Моншаға түскенде қатты отынды мөлшерден көп пайдаланып, улану фактілері болады», - дейді Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар қызметі басқармасының инженері Нұржан Перназаров.
Сондықтан газ саласының мамандары мен төтенше жағдай қызметі бірлесіп, тұрғын үйлерге рейдтік шаралар өткізіп жатыр.