ОҚО-дағы Арыс өзенінің атауы қайдан шыққан

Жардың солтүстік-шығысы мен шығысын айнала Арыс өзені ағады, батысы мен оңтүстігі тегістеліп, Алматы-Мәскеу теміржолы құрылысы салынған. Ондағы кесененің үш метрлік қабырғасы күйген қыштан өріліп, төбесі күмбезделіп жабылған. Жергілікті халық осы араны киелі санайды. Кезінде еркіндік жолында әділетсіздіктің құрбаны болған қыздың рухына келушілер құрбандық шалып, құран бағыштап отырады. Жергілікті өлкетанушы Қазыбек Тәжиевтің сөзінше Рыс қыз туралы аңызды бүгінгі жастар біле бермейді.
«Аңызға сүйенсек, ертеде бір қарт байдың әйелі қайтыс болған деседі. Сол кездегі заң бойынша ол әйелінің тұқымынан шыққан қызға үйленуі керек болыпты. Бірақ, бай еліндегі бір зергердің бойжеткен қызы Рыс деген сұлуға көңілі кетіп, қызға құда түсуге адамдарын жібереді. Мұны естіген Рыс шошып, әлі балалық шақтың қиялымен арман құшағында жүрген жас бала екенін айтып, қарсы болады. Бірақ, қорғансыз зергер әкесіне мол байлық беріп, бай айтқанынан қайтпапты. Тағдырының тосыннан өзгеріп, байлықтың мансабын күйттеген байдың алған бетінен қайтпасын біліп, қатты шошынған Рыс қыз күйінгеннен басын өлімге байлайды. Сұлу қыз өз теңіне бара алмайтынына көзі жеткен соң, биік жардан Арыс суына өзін-өзі тастаған екен. Орны толмас ауыр қазаға күйінген ата-анасы мен ел-жұрты өзенді «Рыс аққан өзен», бертін келе «Арыс» деп атап кеткен», - дейді Қазыбек Тәжиев.
Екінші бір әңгіме Жекен Шайықтың қызына байланысты айтылады. Осы жар маңында ол қайтыс болған әкесін іздеп, «Айдалада атаусыз қалатын болды, басына белгі қояйын» деген ниетпен керуен тартып жетсе, әулиенің айналасы тола ел, сонда қызына әкесі аян беріп, тоқтатады. Қыз ойланып қалып, керуеншілерге: «Әкемнің басына өз қолыммен белгі қояйын деп келіп едім, шынымен менен өткен тектінің ұрпағы бар екен. Енді мен белгісіз болып қалатын болдым», - деп, қамығып сөзін аяқтай бергенде төбеден құлап, қыз мерт болады. Ол кезеңде осы арадан өтіп жүрген керуендер үлкен жардан адам өлімі көп бола беретіндіктен қорқып, ол жерден мал сойып, дұғасын жасап өтеді екен. Адамдар Тәңірге жалынып: «Алла жар болып, Аманжардан да өттік» дейтін көрінеді.
«Жергілікті халық сол жерді алғашында «Аманжар» атап кетсе, кейіннен «Қыз құлаған жар» деп атапты, төңірегіндегі төрт тарапқа шапағаты тиіп тұрсын деген ниетпен қызға арнап төрт қабырғалы сағана салыпты. Киелі жерден өткенде астамшылықтан арылып, ақ сөйлеп, жақсылық тілеу сияқты қазақы қасиет көңілге медет болады. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғастығын тауып, есіне алған ел-жұрт құрбандық шалып, құранын бағыштап отырады екен», - дейді өлкетанушы.