ОҚО-дағы Жетісай ауданында Елбасының жарлығына орай мәдени шара ұйымдастырылды

Аудандағы «Алпамыс батыр» атындағы орталық стадионында өткен шарада алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы тарихи оқиғаның маңызына тоқталып, жергілікті жұртқа құттықтауын жеткізді.
«Елбасымыз Мақтааралға қатысты Жарлығын Оңтүстіктің жұртшылығы айрықша зор қуанышпен қабылдады. Халқы ең тығыз шоғырланған ауданды Мақтаарал және Жетісай деп бөліп берген Президентімізге ел ерекше ризалығын білдіруде. Мырзашөл жері аса құтты, қымбат мекендердің бірі. Осы дала төсінде маңдай терін төккен 35 жерлесімізге кешегі Одақтың ең жоғары наградасы Социалистік Еңбек Ері атағы берілуі тегін емес. Сондықтан қасиетті Мырзашөл өрлік пен ерліктің, қайсарлық пен қаһармандықтың құтты мекені десек артық айтқандық емес. Баршаңызды Оңтүстік Қазақстан облысы үшін маңызды да, айтулы осындай оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!», - деді облыс әкімі.
Жиында аймақ басшысы сондай-ақ мақталы өңірге еңбегі сңып, оның дамуына өз үлестерін қосқан бір топ азаматтарды марапаттады. Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған жұрт жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Айта кетейік, жаңа құрылым бойынша Жетісай ауданының аумағы - 104428 гектарды, халқынының саны - 172 903-і құрайды. Құрамында 13 ауылдық округ пен 113 елді мекен болмақ. Орталығы- Жетісай қаласы. Ал Мақтаарал ауданының аумағы 80970 гектарды құраса, халқының саны - 131781 болып отыр. Ауданда 11 ауылдық округ пен 69 елді мекен бар. Орталығы - Мырзакент кенті деп бекітілген.