ОҚО елордаға 500 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелді

«Біз Астанаға 500 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелдік. Жалпы құны 265 млн теңгеден асып жығылады. Бағасы елорданың базарларындағы бағадан 20 пайызға төмен. Өніміміз экологиялық таза. Өңір халқының еңбекқорлығының арқасында соңғы 5 жылдың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің түсімін 5-6 есе арттырып отырмыз», - деді Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Тұрғанбек Оспанов.
Мәселен, оның айтуынша, өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары 480 млрд теңгенің өнімін алса, биыл онын көлемін 523 млрд теңгеге жеткіземіз деп мақсат қойып отыр. Осы жылдың 7 айының өзінде ғана өңір 187 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірген.
«Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 млрд теңге артық. Әрине, Елбасының тапсырмасына орай өңіріміздің экспорттық әлеуетін арттырып, импорттық тауарларды азайтпақпыз. Былтыр 247 млрд теңгенің импорт тауарын алған едік. Ал осы жылы оның көлемін 209 млрд теңгеге дейін төмендету жоспарымызда бар», - деді ол.
Айта кетерлігі, Оңтүстік Қазақстанмен қатар жәрмеңкеде Атырау облысы балықтарын, ал Ақмола облыстары негінен қой, сиыр, жылқы еттерін саудалауда.