ОҚО имамдары су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктерге гуманитарлық көмек жіберді
«Оңтүстік асары» атты қайырымдылық шарасына дін өкілдері мен мешітке келуші жамағат қатысып,азық-түлік пен киім-кешек және қаржылай көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Өңірдің дін өкілдері ұйымдастырған акцияға иманы берік жамағаттан жиналған 1 млн 60 мың теңгенің заттары жиналды. Арнайы жүк көліктеріне тиелген 7580 тонна азық-түлік, 144 литр өсімдік майы, қажетті киім-кешек, басқа да тұрмыстық бұйымдар, тиелген керуен Ақтөбе облысы тұрғындарына аттанып кетті.
«Оңтүстік асары» атты үлкен бастама аясында бір айға жуық жиналған азық-түлік, киім -кешек бар керуен Ақтөбе облысына аттанып жатыр. Ол жақтағы халыққа айтарымыз, әр уақытта сабырлы болсын. Біз олармен әрқашанда біргеміз. Осы шараға үлес қосқандарға Алланың нұры жаусын»,-деді ҚМДБ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров.
Қайырымдылық шараны ұйымдастырушылар енді тағы бір акция өткізіп, гуманитарлық көмекті қызылсудан жапа шеккен қарағандылықтарға жөнелтпекші.