ОҚО: Мақтарал ауданында ер адам мектептің бұрынғы мұғалімін ұрып, оның баласын өлтірген
Оқиға 19 шілдеде болған, деді ОҚО ІІД баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Қаракөзова. «Мақтарал ауданының полиция бөліміне ауылдағы жеке үйлердің бірінде 1963 жылы туған ер адамның мүрдесі табылғанын хабарлады. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты», - деді Салтанат Қаракөзова.
Криминалистер анықтағандай, төбелес кезінде ер адамды буындырып өлтірген. Сонымен қатар көрші бөлмеде полицейлер екі әйелді тапты. Олардың бірі марқұмның туған қарындасы (1967 жылғы), екіншісі - анасы (1931 жылғы). Анасы көп жылдар мектепте мұғалім болған. Қаскөй екеуін де ұрып-соққан. Белгілі болғандай, белгісіз біреу ер адамды өлтіріп, екі әйелді ұрғаннан кейін үйден 50 мың теңгені алып шығып, ізін суытқан.
Екі тәулік ішінде күдікті ұсталды. Бұл 1983 жылы туған жергілікті тұрғын болып шықты. Ол бұрын біреудің мүлкіне бас сұққаны үшін сотталған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.