16:52, 14 Қаңтар 2012 | GMT +5
ОҚО-ның Төлеби ауданында жергілікті бюджет қаражатына жаңа мектеп салынды
ШЫМКЕНТ. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданының Көксаяқ ауылында бастауыш сыныптарға арналған жаңа мектеп ашылды.

Оның құрылысына жұмсалған 12 млн. теңге аудан бюджетінен бөлінді.
«Құрметті ақсақалдар, оқушылардың ата-аналары! Сіздердің өтініштеріңізді орындап, бастауыш сыныптарға арналған жаңа мектеп салдық. Мұның бәрі ауданымыздың бюджеті есебінен атқарылды. Нысанның құрылысы толық аяқталды, мердігер өз жұмысын сапалы орындады», - деді Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков.
Төлеби ауданы Оңтүстік Қазақстан облысында мектептерді жергілікті қазына есебінен салып жатқан екінші аудан болғандығын атап өту керек. Бұған дейін Сайрам ауданының бірнеше мектебі бюджет ақшасына салынған болатын.
Мектеп 100 орынға арналған. Екі қабатты ғимаратта кең 6 оқу кабинеті орналасты. Мектепте медициналық бекет пен асхана бар.