ОҚО: Төле би ауданында жаңадан 4 балабақша мен 1 денсаулық нысаны ашылды

Баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Төле би ауданының денсаулық сақтау саласына биыл 1 млрд. 33 млн. теңге бағытталған. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға артық. Осындай қаржыландыру арқасында бүгін Қаратөбе ауылдық округі Балдыберек елді мекенінде жаңадан фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Ол ауылдағы 136 отбасыға қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, ауданда «Балапан» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2012 жылы аудан аумағында балабақшамен қамтылған балалар саны 53,44 пайызды құраған болатын. Ал биыл 2013 жылдың қараша айына дейін 3 мемлекеттік, 6 жекеменшік балабақшалар іске қосылды. Нәтижесінде балалардың мектепке дейінгі мекемелермен қамтылу көрсеткіші 59 пайызды құрап отыр. 2013 жылдың соңына дейін демеушілер есебінен 1,3 жекеменшік балабақшалар іске қосылатыны да жоспарланған. Осылайша, ауданда биылғы жылы балабақшамен қамтылған бала санын 65 пайызға жеткізу жоспарлануда.