ОҚО төтенше жағдайлар қызметкерлері су тасыған аймақта құтқару шараларын бастап кетті

ОҚО-ның ТЖД-і баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-құтқару және авариялық-құтқару жасақтары мен өрт сөндірушілер үш топқа бөлініп, Шемонаихадағы су басқан көшелерде су сорғыту жұмыстарын жүргізуде. Жергілікті төтенше жағдайлар және өрт сөндіру қызметкерлерімен бірлесіп, Чапаев пен Повстанческая ауданында 10 құралмен 4245 текше метр суды сорғытып алды. Речная, Набережная, Казахстанская көшелеріндегі 20 үйдің ауласын және жертөлелерін судан тазартты. Дәл осындай жұмыстар Глубокий, Прогресс, Предгорный және Белоусовка ауылдарында да жүргізіліп, бас-аяғы 6498 текше метр су сорғытылды.
Бұдан бөлек Оңтүстік Қазақстан облысының №23 және 24-ші өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері шығыстағы төрт ауданда су бөгеттерін бекіту шараларын атқарған. Прогресс кентіндегі бөгетті бекітуге 700 қап құм қолданылған. Апатты аймақтағы авариялық-құтқару жұмыстары әлі де жалғасатын болады дейді оңтүстіктің құтқарушылары.