ОҚО: Түлкібас ауданының орталығы түлеп келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының орталығында биыл көптеген өзекті мәселелер өз шешімін тапты, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
None
None

Т.Рысқұлов ауылында тұрғындарға аса қажетті ағын судың құбырлары тартылып, орталық базар ретке келтірілді. Көптен бері айтылып келе жатқан Жамбыл, Садықов, Биназар батыр көшелері толығымен асфальталды. Орталық көше абаттандырылды. Жарықтар орнатылып, аяқ жолдар салынды.

Сонымен қатар, "Жанкент" мөлтек ауданында жаңа мектеп, жаңа балабақша, жаңа тұрғын үйлер бой көтерді. Кәсіпкерлік саласы да қанат жайып жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда. Жыл басында бұрындары "Қаңғалы" атанып келген аймаққа қажетті инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп, жаңа мөлтек аудан пайда болды. Алдағы уақытта аталған аймаққа жаңа мектеп пен балабақша салынатын болады. Міне, мұның бәрі Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығына жасалған тамаша тартулар.

Айтулы мереке қарсаңында аудан орталығында тағы бір шама жағымды жаңалықтар болды. Жанкент мөлтек ауданында Түлкібас коммуналдық шаруашылығының демеушілігімен ауыл жастарын спортқа тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында "STREET WORKOUT" спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Оны жасауға 500 мың теңге қаражат жұмсалыпты. Осы іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Әуелхан Тұрғымбеков сөз сөйлеп, жиналған көпшілік қауымды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, спорт алаңшасын тұрғызған мекемеге алғысын білдірді.

 

Соңғы жаңалықтар