ОҚО: «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 2 мыңға тарта адам кәсіпкерліктің негізі бойынша оқытылды

Басқарма басшысы Мұхит Әлінің айтуынша, биылғы жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысушыларының ішінен 1991 адам кәсіпкерліктің негіздеріне оқуға жіберіліп, 1003 бағдарламаның қатысушысы шағын несие алды. Олардың 642-і өз ісін ашса, 351-і қаражаттарды өз ісін дамыту үшін жұмсады. Бағдарламаның 2-ші бағытының қатысушыларымен қосымша 909 жаңа жұмыс орындары ашылды. «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы бойынша кәсіби оқыту мен жұмыспен қамтудың нәтижелі жүйесін қалыптастыру үшін 2013 жылы 2179 адам оқуға жіберілді. Кәсіби оқуды жалпы 4287 адам аяқтап, оның 4188-і экономиканың түрлі салаларына тұрақты жұмысқа орналасты. Тұрмыс деңгейі төмен азаматтарға төмен пайызбен несие алуға мүмкіндіктер де қарастырылған. Бағдарламаның 2-ші бағыты шеңберінде өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз қатарындағы адамдарға ауылды жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету қарастырылып, 2011 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап кепілдемелік мүлікке сәйкес 3 млн. теңгеге дейін, 5 жыл мерзімге 6,5-6 пайыздық шағын несие берілуде», - дейді басқарма басшысы.