ОҚО: Жылына 25 млн. кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды
Қысы-жазы жұмыс жасайтын жаңа зауытта 50 жұмыс орны ашылған. Зауыт директоры Нұралы Әбішевтің айтуынша, технологиялық құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен Қытайдан алынған. Жабдықтар көп компонентті қоспалардан жоғары сапалы өнім шығаруға және толығымен автоматтандырылғаны есебінен кірпіштердің геометриялық пішіндерін сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кірпіштерді күйдіруге арналған пештің елімізде баламасы жоқ. «Агро V» ЖШС-і қоршаған ортаға зиян тигізбейді, себебі өндірісте пайда болған қалдықтар қайта өңделіп, олардан өнім шығарылатын болады.
«Кәсіпорынға «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылым жүйелері тартылған және алынған несие бойынша пайыздық мөлшерлеме субсидияланған. Облыста үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Индустриаландыру Картасына жалпы құны 705,2 млрд. теңге және 21 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 170 жоба енгізілген», - деді облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.