Оксфорд студенттері қазақ тілін үйренеді

Әлемге әйгілі Оксфорд университеті студенттері мен оқытушыларына қазақ тілін үйретуге ниетті. Бұл – біздің ана тілімізге қызығушылық танытып отырған Ұлыбританиядағы алғашқы жоғарғы оқу орны, деп хабарлайды Kazinform.  

Оксфорд студенттері қазақ тілін үйренеді
Фото: ceta.co.th

Лейла Наджафзада - Оксфорд университеті жанындағы «Бір сөз» бастамасының директоры. Ол қазір қазақ тілін үйреніп жүр. Бастама деп мұнда университет қаржыландыратын, бірақ академиялық білімге жатпайтын жобаларды айтады. Алдағы уақытта Лейла секілді студенттер мен оқытушылар да қазақ тілін оқымақ. Қазір дайындық жұмыстары басталып кетті. 

Оксфорд университеті
Фото: Kazinform агенттігі

«Біз Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен тығыз байланыс орнатып, қазақ тілін оқыту әдістемелерін меңгерудеміз. Оксфорд университеті қазақша үйрететін Ұлыбританиядағы алғашқы оқу орны болғалы тұр», - дейді Оксфорд университетінің жанындағы «Бір сөз» бастамасының директоры Лейла Наджафзада. 

Оксфорд
Фото: Kazinform агенттігі

 Ұлы дала елінің тілімен қатар, тарихы, бүгіні және болашағы туралы білгісі келетін оксфордықтар көп. Оларға Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі арнайы дәріс оқыды. Мағжан Ільясов Оксфорд Исламтану орталығында еліміздің маңызды тарихи кезеңдеріне тоқталып, жеткен жетістіктері туралы баяндады. Толеранттылық үлгісін танытқан көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан туралы айтып берді. 

Оксфорд
Фото: Kazinform агенттігі

«Біздің орталық Қазақстанмен байланыс орнатуға мүдделі. Оксфорд жұртшылығы елдеріңіздің тарихынан бөлек тың ақпараттармен де танысқысы келеді. Елші бізге Қазақстанның өркениеттің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы еске салды. Өткенінен бөлек, бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы да әңгімеледі. Сіздермен экономика, білім салаларындағы байланыстарды нығайтып, болашаққа бірге жоспар құру өте маңызды», - дейді Оксфорд Исламтану орталығының директоры Ахмад Низами. 

Оксфорд
Фото: Kazinform агенттігі

 

 Кездесу XVI-XIX ғасырларда еуропалық және америкалық зерттеушілер жасаған Қазақ мемлекеті карталарының көрмесіне ұласты. Экспозиция орта ғасырларда өмір сүрген шетелдік ғалымдардың біздің аймақ туралы ойларынан хабар береді. Бұл күні Оксфордтың академиялық ортасы, эксперттік қауымдастығы және бизнесмендері өткенге саяхат жасауға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, Оксфорд - дүниежүзіндегі ең көне, әрі рейтингісі ең жоғары университеттердің бірі. Мұнда әлемнің 140 мемлекетінен келген 26 мыңға жуық студент білім алады.Сондай-ақ оқу орнында қазақ тілінен өзге 11 тіл оқытылады.