Оксфорд студенттерінің қазақ мәдениетіне қатысты зерттеулері өте терең — Оксфорд мұғалімі

АСТАНА. KAZINFORM — Оксфордта қазақ тілінен білім алатын студенттер ел тарихы мен мәдениетін қазақтардың өзінен артық біледі. Бұл туралы әлемдегі ең көне университетте сабақ беретін мұғалім Дидар Садық айтты.

Дидар Садық
Фото: Дидар Садықтың Instagram парақшасынан

– Биылғы академиялық жылда 10-нан аса студент білім алып жатыр. Олардың бәрі сабаққа қалмай келеді. Көбі британдықтар. Одан бөлек Еуропадан, Таяу Шығыстан келген мультимәдениетті білімгерлер де сабаққа қатысып жатыр, – дейді ол «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген онлайн сұхбатында.

Ұстаз қазақ тілін шетелдік студенттерге үйретудегі басты қиындықтарға тоқталды.

– Қазақ тілін шетелдік студенттерге үйретуде әрине қиындықтар бар. Себебі, біз барлығын нөлден бастаймыз. Қазақ тілі бойынша ешқандай білімі жоқ студенттерге сабақ береміз. Ал қазіргі таңда қазақ тілінің шет тілі ретіндегі ағылшын тілді аудиторияға арналған базасы толыққанды қалыптаспаған. Сол тұрғыдан біраз қиындықтар бар. Бірақ біз сол қиындықтарды еңсеру үшін осында жүрміз, – дейді мұғалім.

Дидар Садық шетелдік студенттердің қазақ тіліне деген көзқарастары туралы да айтты.

– Студенттер тілге қатысты қиын деген пікір айтқан жоқ. Өйткені Оксфорд университетіне түсудің өзі оңай емес. Ол жақта 100 пайыз өтініштің ішінен 7–8 пайызы ғана қабылданады. Сондықтан мұнда әлемнің түпкір-түпкірінен ең дарынды студенттер ғана қабылданады. Сол үшін білімгерлердің бәрі өте алғыр. Қазақстан, Орталық Азия, Еуразия бойынша зерттеулері өте терең. Олар тілден бұрын, мәдениеті, әдебиеті, саясаты, тарихы туралы бізден артық біледі деп айта аламын, – дейді ұстаз.

Еске сала кетейік, былтыр ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронмен кездесіп, Оксфорд университетінде қазақ тілі курстарын ашу туралы меморандумға қол қойған еді.

Ал қазақ тілі ресми түрде биыл маусым айында арнайы бағдарлама негізінде оқытыла бастады.

 

Соңғы жаңалықтар