Оксфордта дәріс оқыған тұңғыш қазақ

АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - Халықаралық биографиялық орталықтың (Англия, Кембридж) шешімімен дүниежүзі физиктерінің арасында «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанған физик, ғалым Қарағандыда тұрады.
None
None

 Бүгінде ғасыр адамын ағылшындар аттай қалап, шақыртып, ақысын төлеп, Оксфорд университетінде профессорларға дәріс оқытады (Оксфорд университеті туралы ежіктеп жатудың өзі артық). Жапондар да жармасып, үндістер де үздігіп отыр. Қашан келеді екен деп жолына қарап, екі көздері төрт болғалы біраз жыл, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.

Физика-математика ғылымдарының док­торы, профессор Темірғали Көкетаевтың есімі әлем физиктерінің аузында. Азиядағы көрнекті ғалым деп таниды. Әлемді мойын­дат­қан тұлға. Дүниежүзіндегі ғылымның жілі­гін шағып, майын ішкен физик ғалымдар Көке­таевты көкке көтереді. Ғасыр адамынан дәріс алуды ғанибет көреді. Өйткені ғасыр адамы атану - 100 жылда бір бұйы­ратын атақ. Атақ болғанда, әлемнің «сен тұр, мен атайын» дейтін данышпандары сарапқа салып, салмақтап барып, берілетін атақ. Оған «мынаның өзі жақсы, мынаның көзі жақсы» дейтін жүрмейді.

Жер шарының түкпір-түкпіріндегі ғылыми жаңалықтарды Халықаралық биографиялық орталық тізімге алып отырады екен. Соның нәтижесінде Темірғали Әбілдаұлының ХХ ғасырдың ғұлама адамы атануына мүмкіндік берілген. Мұның өзі - қызық жағдай. Ол туралы Темірғали Әбілдаұлы былай дейді:

- 1994 жылы үйге Кембриджден хат келді. «Сіз «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атағына ұсынылған үміткерлер ішіндесіз» деп. Бұл біреудің мені қылжақтап жазып жібергені деп ойладым. Сосын жыртып, лақтырып жібердім. Сол беті ұмытылып қалды. Арада екі ай өтті. Бір күні тағы хат келіп тұр. Тағы Кембриджден. Қызым бірінші хат­қа жауап жазған-жаз­баға­нымды сұрады. «Ма­ған оның не керегі бар?» - дедім қызы­ма. Ол қоярда-қой­май, ме­нің физи­каның қатты денелері бойынша ашқан ғылыми жаңалы­ғымды ағыл­шын­шаға аударып, салып жіберді. Қы­зым ағылшынша еркін сөй­леп, еркін жазатын. Қош. Со­ны­мен, уақыт зымырап өтіп жатты. Содан 1999 жылдың шілдесінде хат келді. «ХХ ға­сыр­дың ғұлама адамы» атан­ға­ным туралы. Ел-жұрт­қа айтар-айтпасымды білмей ойланып жүргенде, әлгі хат жоғалып қалды. Тағы ешкімге тіс жар­ған жоқпын. Бір күні 1999 жылы жел­тоқсанның соңына таман, аспиранттарым бар, кафед­раға келген хаттарды қарастырып отыр­ған­быз. Аспирантым­ның біреуі: «Аға, сүйінші» - деп айғай салсын. Сөйтсек, поштамен, по­сыл­камен «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» де­ген атақтың медалі, дипломы келіпті. Медалі 300 грамнан астам таза күмістен жа­салған. Сонда бақандай бес жыл бойы кім­нің лайық екенін әбден таразыға тартқан ғой.

2003 жылы халықаралық конференция­да болдым. Сонда Жапонияның физика институтының бір ғалымы келіп: «Сіз Темірғали Көкетаевсыз ба?» - деді. Сөйтсем, ол мені таныпты. Өйткені менің ғылыми жаңалығымды «ғасырдың үздік жаңалығы» деп ұсынған Жапонияның физика институтындағы ғалым­дар екен.

Қазір «Ғасыр адамының» дәрісін дүние­жүзінің физиктері тыңдауға құмар. Франция, Германия, Қытай қолқа салып, ғалымдарына дәріс оқытты. Оксфордта 70 профессорды бір қазақ аузына қаратты. «Сонда ғұмы­рым­да бір мақтанғаным бар», - дейді ғалым.

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Жеткеншек ауылының топырағы 1938 жылы наурыздың 25 жұлдызында «ХХ ғасыр­дың ғұлама адамы» дүниеге келгенін білген жоқ. Есесіне 62 жылдан кейін дүние­жүзі білді.

Эстониядағы ғылыми жетекшісі Чеслав Лущик шәкірті - Көкетаев «ХХ ғасырдың ғұлама адамы» атанғанда телефон соғып, құттықтап, жылап тұрыпты. Ұстазы 85 жасқа келгенде кітабын сыйлапты. «Ұлы орыстың өзі Оксфордта дәріс оқыған жоқ. Сен Оксфорд университетінде дәріс оқыған тұңғыш қазақсың!», - деген екен.

30 ғылым кандидатын, сегіз ғылым докторын қанат қақтырған ғасыр адамы - Қара­ғандыда. 74 жасқа келді. 2003 жылы Кембридждегі Халықаралық биографиялық ор­талықтың (Қазақстан мен Орта Азия өкілі ретінде) Вице-консулы болып сайланды, басқа атақтарының өзін айтпағанда. Ата­ғынан ат үріккендей-ақ.

Бұл адамды көрген де - арманда, көр­меген де - арманда

Соңғы жаңалықтар