Оқу гранттарының үштен бір бөлігіне жуығы ҮИИД жүзеге асыру үшін кадрлар даярлауға бағытталады - ҚР БҒМ
АСТАНА. 11 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік оқу гранттарының жалпы санынан үштен біріне жуығы, биыл 35 мыңнан астам, олар үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жобаларын жүзеге асыру үшін техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға бағытталады,
деп хабарлады Рrimeminister.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында ҚР БҒМ Жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің білім беру және кадрлар даярлау басқармасының басшысы Гүлзат Көбенова.
«Жыл сайын мемлекеттік тапсырысты қалыптастырмас бұрын сұраныс зерделенеді. Бұл сұраныс орталық мемлекеттік органдардың, өңірлік құрылымдардың, ұлттық компаниялардың тапсырыстары негізінде зерттеледі, әрине мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру ескеріледі. Сәйкесінше, мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінде үштен бірін ҮИИД жобаларына сәйкес келетін мамандықтар, техникалық мамандықтар құрайды», - деді Г.Көбенова.
Бұдан өзге, педагогикалық мамандықтарға гранттар саны арттырылған, оның саны шамамен 6 мыңға жетті, ауыл шаруашылық мамандықтарына шамамен 2 мың орын бөлінген.
Осылайша, үстіміздегі жылы мемлекеттік тапсырыс келесі мамандықтар бойынша арттырылған: білім беру - 130, өнер - 15, техникалық ғылымдар мен технологиялар - 475, жаратылыс ғылымдары - 120, гуманитарлық - 70, ветеринария мен әлеуметтік ғылымдар - 20-дан.
Өз кезегінде мемлекеттік тапсырыс көлемі заң мамандықтары бойынша азайған.
Жалпы алғанда, ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырыс көлемі 35 053 грантты құрады. Өткен жылмен салыстырғанда грант саны 738 бірлікке артқан, ал өткен жылы мемлекет 34 315 грант орнын бөлген болатын.