Оқу орындарының 82 пайызы ғана жедел басқару орталығына қосылған
АСТАНА. KAZINFORM – 31 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында «Абайлаңдар-балалар!» іс-шарасы өткізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов айтты.

– 31 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында «Абайлаңдар-балалар!» іс-шарасын өткіземіз. Мақсаты – балалардың жолдағы жарақатын азайту. 1 қыркүйектен бастап жасақтарды оқу орындарына жақындатамыз. Барлық мектептер мен колледждерге учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер бекітілді. Мектептерде қауіпсіздік ережелері бойынша сабақтар өткізіледі. Оқу-ағарту министрлігі оларды өткізуге жәрдем көрсету қажет, - деді министр орынбасары.
Оның атап өтуінше, биыл антитеррорлық қорғалу талаптарына сәйкестігі бөлігінде 1 773 нысан тексерілді. 800-ден астам бұзушылық анықталды. 141 басшы жауапкершілікке тартылды. Оларға 43 миллион теңге айыппұл салынды.
– Қазір оқу орындары 100 пайыз бейнебақылаумен жабдықталған. Бірақ олардың тек 82 пайызы жедел басқару орталығына қосылған. Оның ішінде 72 пайызы – жекеменшік және 87 пайызы мемлекеттік мекемелер. Ең нашар көрсеткіш Жамбыл облысында, полицияға тек 16 пайызы қосылған. Сондай-ақ бірде-бір мемлекеттік білім беру ұйымы қосылмаған. Түркістан облысында – 50, оның ішінде жеке меншік объектілер бойынша – тек 17 пайыз, - деді ол.
Айта кетейік, елімізде 267 мың орынға арналған 232 мектеп салынып жатыр.