Оқулық шығаруға арналған 16 млрд теңге тиімсіз бөлінді – Жоғары аудиторлық палата
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында орта білім беру саясатындағы тұрақсыздық бюджетке қандай салмақ түсіріп жатқанын айтты.

— Орта білім беру саласында бірқатар кемшілік анықталды. Мысалы, стратегиялық құжаттар жиі өзгереді. Соның салдарынан бұрын қолға алынған бастамалардың бір бөлігі әлі аяқталмай келеді. Бұл дегеніміз — салада іске асырылып жатқан саясаттың сабақтастығы жетіспейді деген сөз. Оқу бағдарламалары да жиі өзгереді. Бұл өз кезегінде шығарылып қойған оқулықтарды қайта қарауға мәжбүрлейді. Ол қосымша қаражат бөлуді талап етеді. Мысалы, соңғы 5 жылда шығарылып қойған оқулықтарды қайта қарау үшін 16 млрд теңге тиімсіз, қосымша бөлінді, — деді палата басшысы «Уәде» бағдарламасында.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттер нәтижесінде 2024 жылы 135 млрд теңге бюджетке қайтарылғанын жазған едік.