Оқулықты мектептегі тәжірибелі мұғалімдер жазса деймін – оралдық ұстаз

Ақерке Байжиенова
Фото: А. Байжиенованың жеке мұрағатынан

Қазіргі таңда ұстаздардың алдында тұрған басты мақсат-міндеттер қандай? Шәкірт жүрегіне қалай жол табу керек? Бала тәрбиесіне қатысты кейбір мәселелерді қалай шешуге болады? Міне, осындай сауалдар төңірегінде Kazinform тілшісі Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ақерке Байжиеновамен сұхбаттасқан еді.

Ақерке Байжиенова
Фото: А. Байжиенованың жеке мұрағатынан

- Ақерке Орынқызы, Ақ Жайық жұртшылығы сізді талай шәкірт тәрбиелеген тәжірибесі мол ұлағатты ұстаз ретінде жақсы біледі. Осыған қалай қол жеткіздім деп ойлайсыз?

- Мектептегі басты тұлға мұғалім екендігі баршамызға мәлім. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды жан-жақты, кемел, дарынды ұстаз ғана тәрбиелеп шығара алады. Жоғары оқу орнын бітіріп, ең алғаш қасиетті қара шаңыраққа қадам басқаннан-ақ мұғалім мамандығының жүгі ауыр екендігін сезіндім. Жүсіпбек Аймауытовтың: «Баланың ынтасын ояту үшін әр сабақта бір жаңалық болу керек» дегеніндей, әр сабаққа тиянақты дайындалып, мектептегі тәжірибелі мұғалімдердің сабақтарына қатысып, білмегенімді сұрап, қалайда шәкірт жүрегіне жол табуды мақсат еттім.

Оқушы жетістігі – мұғалім жұмысының нәтижесі деп білемін. Әр сабақ құндылыққа толы, мақсатқа сай құрылып, тапсырмалар оқушы қабілетін ескере берілсе, мұғалім өз қалаған нәтижесіне жете алады. Кейбір мұғалімдер: «Сіз оқушыларды олимпиада, ғылыми жоба, мәнерлеп оқуға қалай дайындайсыз?» деп сұрақ қояды. Мұндай білім бәсекесіне дайындайтын арнайы бағдарлама жоқ. Оқу бағдарламасына сай тақырыпты мұқият меңгертіп, қосымша деректермен толықтырып, оқушыны шабыттандырып отырса, алынбайтын қамал жоқ.

Жыл сайын өтетін жарыстар белгілі, сондықтан арнайы тапсырмалар дайындап, оқушының жасы мен қабілетін ескеріп, жазғы демалысқа да қосымша көркем әдеби шығармалар оқуды тапсырамын. Әр сабақта оқушы белсенділігін арттыратын қызықты материалдар таңдап, сабақтың құрылысын күрделендіріп отыру да маңызды. Сабаққа дайындық дегенді тек оқу материалын тиянақты талдап, оқу ғана емес, оқушыларды осы материалмен жұмыстану кезінде пайда болатын сұрақтары, жауаптары, пайымдаулары, қабылдауы, түсінуі де басты назарда болуы керек. Сабақ неғұрлым тиянақты құрылып, жоғары деңгейде өтсе, мұғалім білімді, еңбекқор болса, шәкіртімен тіл табысып, бұлақ көзін аша білсе, жұлдызы жарқыраған шәкірттерінің көп болып, ел мақтанышына айналары сөзсіз.

- Қалай ойлайсыз, ұстаз болу қиын ба, оңай ма?

- Мамандықты жүрек қалауымен таңдау керек деп ойлаймын. Жүрекпен таңдалған ісін адам сүйіп атқарады. Ұстаз болу үшін де Алланың сыйлаған асыл қасиеті болу керек деп ойлаймын. Жоғары оқу орнын бітіріп, қолыма диплом алып, мектепте ұстаз бола саламын деп ойлау – қате. Осы кезде ойыма ұлттық мектептің құрылуына еңбек сіңірген ұстаз Алма Қыраубаеваның «Мұғалімнің бойында ақынның арманы, көріпкелдің көзі, суретшінің қиялы болуы керек» деген сөзі оралады. Қазіргі кезде де жоғары оқу орнына түсіп, бітіргеннен кейін басқа мамандыққа ауысып кететіндер бар. Басынан өз қалауымен таңдалмағандықтан, сол салада өз орнын табу қиын. Егер адам өз мамандығымның шебері боламын деп мақсат қойып, сол еңбекті адал атқарса, еңбегінің жемісін көреді. «Бақыт – дегеніміз әрбір адам ұмтылатын мақсат», - дейді Әл-Фараби. Сондықтан тынбай атқарған еңбек пен ізденіс алға қойған үлкен мақсатыңа жеткізеді. Мен де өз мақсатыма адал еңбек пен шығармашылық ізденіс, табандылық, шыдамдылық, еңбекқорлық нәтижесінде жетіп отырмын. Шәкірттерімді сыйлап, құрметтеп, жақсы көремін, олардың да ұстазға деген құрметі ерекше, сондықтан мен үшін ұстаз болу қиын емес.

- «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан бері не өзгерді деп есептейсіз?

- Заң қабылданғаннан бері мұғалімге деген қоғамның да, ата-ананың да көзқарасы түбегейлі өзгерді. Біз үшін талап та, жауапкершілік те артты. Зор жауапкершілік жүкті атқару да – абыройлы іс. Алдымен ұстаз болған адам шәкірттеріне сыйлы, адалдық пен адамгершілікті биік қоятын ұлағатты адам болуы керек деп ойлаймын. Қазіргі кезде мектепке қабылданатын мұғалімнің жоғары оқу орнын бітіргендігі туралы дипломы жеткіліксіз, психология, педагогикадан тест тапсырып, арнайы сертификат талап етіледі.

Мұғалімдердің аттестация қорытындысы бойынша төленетін жалақысы да біршама көтерілді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, үздік мұғалімдерге ақшалай сыйақы тағайындалды. Материалдық қолдауды жыл сайын арттырып, әртүрлі сайыстар арқылы мұғалімдер арасында білім бәсекесін арттырып жатыр. Қағазбастылықты азайтты. Қазіргі таңда арнайы министрлік бекіткен үш құжаттан басқа еш нәрсе талап етілмейді.

Мұғалім мәртебесі әр мұғалімнің өз қолында. «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деп Мағжан ақын айтқандай, қазіргі кезде мұғалімге мүмкіндік те, қолдау да жоғары деңгейде. Мұғалімнің ең басты міндеті – сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Сол міндетті адал атқарған әр ұстаз шәкіртінің де, ата-ананың да, қоғамның да құрметі мен марапатына бөленері сөзсіз. Мұғалімнің мәртебесін арттыратын мұғалімнің өзі деп ойлаймын, бұл – менің жеке пікірім. Білімді де білікті, жан-жақты шығармашыл, шәкіртін сүйетін, оған қолдау білдіретін, өз уақытын аямай, шәкірт бақытын аялайтын мұғалімнің мәртебесі қай қоғамда да жоғары.

А. Байжиенова
Фото: А. Байжиенованың жеке мұрағатынан

- Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру үшін қандай мәселелерге назар аудару керектігін айтар едіңіз?

- Ана тілге деген құрмет отбасынан басталуы керек деп ойлаймын. «Баланың бас ұстазы – ата- ана» деп Абай Құнанбайұлы айтқандай, балаға үлгі болатын ең бірінші – ата-ана. Сондықтан әжесінің ертегісін, анасының бесік жырын тыңдап өскен шәкірттің мектепке келген кезде тілге деген құрметі де, сабаққа деген қызығушылығы да жоғары болады. Қазір қазақ мектептері көбейді деп қуанамыз, бірақ сол қазақ мектебінде орысша сөйлейтін оқушылар да баршылық. Бұл – мектеп пен мұғалімнің кінәсі деп ойламаймын, оқушы мектепте 6 сағат қана білім алады. Қалған уақытын ата-анасымен, достарымен өткізеді. Егер бала ана тілінде тіл табысып, қарым-қатынас жасаса, тілге деген басқа адамдардың да құрметін көрсе, ана тілін сүйіп құрметтейді. Өкінішке орай, қазақ тілінде сөйлемейтін ата-аналарды да көріп, қынжылып жүрген жайымыз бар. Балабақшада да балалар ана тілінде тәрбиеленсе де, мультфильм мен балаларға арналған бағдарламалардың ана тілінде сөйлейтін, үлгі алатын кейіпкерлердің әлі де тілдік қызметі мен аудармасы назар салуды қажет етеді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деп Қадыр ақын жырлағандай, басқа тілді білу керек, ол тірлік үшін қажет, бірақ өз ана тілімізге деген құрметті ешқашан жоғалтпауымыз керек.

- Қазіргі оқулықтарға кейде сын айтылып жатады. Бұл жөнінде пікіріңіз қандай?

- Осы оқулық мәселесі көптен қозғалып жүр. 2021 жылы 21 желтоқсанда республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің съезіне қатысып қайттым. Әр өңірден жиналған әріптестердің жан-айқайы осы оқу бағдарламасы мен оқулық туралы болды.

Қазіргі қазақ тілі мен әдебиеті оқулығында оқушының жас ерекшелігі мен қабілеті ескерілмеген деуге болады. Әдебиет оқулығында ақын-жазушыларымыздың шығармалары үзінді ретінде түсініксіз берілген, әр шығарманың соңында берілген тапсырмалар өте күрделі, оны оқушы тек мұғалімнің көмегімен ғана орындай алады. Қазақтың пәтер жалдап, жетім бұрыш жағалаған тұстары, тойдан арақ ішіп қайтқан үлкен ағалардың келеңсіз қылықтары суреттелетін шығармаларды өз басым оқытуға ұяламын. Кезіндегі классик жазушыларымыздың шығармаларын бағдарламадан да, оқулықтан да алып тастаған. Бірақ тәжірибелі ұстаз ретінде қазақ тілі мен әдебиеті сабағына дайындалған кезде ұлттық құндылықты дәріптейтін шығармалар мен өлең шумақтарын өз сабағыма қосымша тапсырма ретінде беріп, оқушының ойлау, даму қабілетін арттыратын тапсырмаларды өзім дайындап беріп отырамын.

Оқулықты ресурс деп қабылдасақ та, оқулық жазушылар оқушыға үй тапсырмасын осы оқулықтан беретінімізді, оқулық олар үшін басты құрал екенін ұмытпаса екен. Оқулықты мектепте жұмыс істейтін тәжірибелі мұғалімдер жазса деген ойым бар.

- Шәкірттердің тілін қалай табуға болады, қиын балалардан мықты адам шыға ма?

- Бала – балқытылған алтын, одан қандай мүсін шығару мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Әр оқушы мен мұғалімнің арасында сыйластық, сенімділік болса, қиын бала деген болмайды деп ойлаймын. Әр оқушыны тұлға етіп қалыптастыру үшін тек баламен ғана емес, отбасымен, достарымен де сөйлесіп, оқушыны жан-жақты тани білуіміз керек.

Біздің мектептің ерекшелігі, мамандандырылған бағытта білім береді. Сондықтан болашақтағы мамандығын әдебиет пәнімен байланыстыратын шәкірттердің тіл байлығы, ұшқыр қиялы, ойлау қабілеті жоғары болуын қалыптастыру үшін әдеби кітаптарды көп оқуға тура келеді. Өзім сабақ беретін оқушыларға үнемі кітап оқуды дағдыға айналдыруын талап етемін. «Бұлақтың көзі ашылып», кейде басқа бағытта оқитын оқушылардың да әдебиет пәніне қызығушылығы оянып, бағытын өзгертіп жатады. Мысалы, физика-математика бағытынан гуманитарлық бағытқа ауысып, қазіргі таңда әртүрлі сайыстарда жүлдегер атанып жүрген оқушылар да бар. Оқушыға сенімділікпен, жауапкершілігін арттыратын маңызды сөздермен әсер етіп, оның әр жеткен жетістігін мақтап, мадақтап отырса, одан сайын талаптанып, биікке ұмтылады. Қиын бала ұғымы өз басымда болып көрмепті. Үнемі кішкентай жетістіктен үлкен жеңістерге жетелейтін әр ісім мен сөзімді абайлап, байқап, оқушыға жақсы әсер ететіндей бағытта әрекет етемін. Өйткені әр шәкірт – мен үшін үлкен тұлға.

А. Байжиенова
Фото: А. Байжиенованың жеке мұрағатынан

- Алдағы жылы Сәкен мектебіне тура бір ғасыр толады. Бұл мерейтойға қандай табыстармен жетпексіз?

- 1992 жылы Орал қаласындағы Александр Пушкин атындағы педагогикалық институтты қызыл дипломмен бітіріп, ең алғашқы еңбек жолымды қасиетті қара шаңырақ Сәкен мектебінен бастадым. Келер жылы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл, Сәкен мектебіне 100 жыл, Сәкеннің есімі берілгеніне 60 жыл толмақшы. Ғасырлық тарихы бар мектеп – республикада білім беру сапасы бойынша көш бастап тұрған алдыңғы қатарлы мектептердің бірі. Жыл сайын өтетін облыстық, республикалық жарыстардан, олимпиадалардан шәкірттерім топ жарып келеді. Республикалық Қадыр, Мұқағали, Абай оқуларының жеңімпаздарын дайындап шығардым. Республикалық пәндік олимпиаданың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің 1-орын жүлдегері Ақгүлім Ерболқызы шәкіртім республикалық «Жас Алаш» газетіне «Ғасырлық тарихы бар мектеп» мақаласын жариялап, өзі білім алған мектептің тарихы мен тынысын таныстырды. 10-сынып оқушысы Әбіш Жәмила республикалық Абай оқуларынан 3-орын алып, облыс намысын қорғап қайтты. Алда облыстық, республикалық олимпиада, түрлі мәнерлеп оқулар сайыстары күтіп тұр. Әр шәкіртімнің жеткен жетістігі – менің адал атқарған еңбегімнің жемісі деп білемін.

«Сөзіңді қалдыр, сөзден мұра шаша жүр, Ісіңді қалдыр, бұлақ көзін аша жүр», - деп Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы айтқандай, шәкірт жүрегіне жол тауып, оның жетістікке жетуіне заман талабына сай еңбек етіп, жол сілтеу – мол бақыт. Сол бақытқа кенелу үшін қазіргі заман ұстаздан жаңашылдықты, ізденісті талап етеді. Менің мақсатым – ақыл-парасаты толысқан, жаны таза, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу. Сол істі адал атқарғым келеді.

- Әңгімеңізге рахмет. Ұстаздық жолда табысқа жете беріңіз!

А. Байжиенова
Фото: А. Байжиенованың жеке мұрағатынан

 

Соңғы жаңалықтар