Оқулық сатып алуға қатысты жұртты дүрліктіруге ата-аналардың өздері кінәлі - БҒМ
Комитет басшысы брифинг барысында оқулықтардың қорландыру циклына сәйкес жаңартылатынын еске салып өтті. Оның сөзіне қарағанда, бір оқулық төрт жылда бір рет жаңарады. «Сосын үш-төрт жыл барысында оқулық ескіріп, оның сапасы ата-аналарды қанағаттандырмайды. Сондықтан да ата-аналар балаларының жаңа оқулықпен оқығанын қалайтын шығар. Бұнда да ата-аналардың психологиясына көп нәрсе байланысты. Өйткені, «қыс шананы жаз сайла» деген қағидатты қаперге ала бермейміз. Сосын жазғы демалыста босаңсып жүріп, тек тамыздың 31-і мен қыркүйектің 1-іне қарай жапатармағай жүгіреміз, соның салдарынан ұзынсонар кезектер қалыптасады, жұрт дүрлігеді», - дейді С.Нүсіпов.
Осыған байланысты комитет басшысы жергілікті басқармаларға ата-аналарды оқулықтар тізімі туралы ертерек ескерту жөнінде тапсырма берген. Бұдан бөлек, ондай дүрлігуді тудырмас үшін биыл кітапханалардағы оқулықтарды тамыздың 10-ынан бастап үйлестіру бойынша акция ұйымдастырылатын болады.