Оқушылар қысқы каникулда қанша күн демалады
АСТАНА. KAZINFORM – Желтоқсанның соңында мектеп оқушылары екінші тоқсанды аяқтап, қысқы каникулға шығады.

Қазақстанның 2024-2025 оқу жылына арналған демалыс күнтізбесі бойынша екінші тоқсанда оқушылар 8 апта оқиды, қысқы каникул 10 күнге созылады, яғни 2024 жылғы 30 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы 8 қаңтарға дейін жалғасады. Ал 1 сынып оқушыларына 2025 жылғы 10-16 ақпанды қоса алғанда, 7 күндік қосымша каникул беріледі.
Ең ұзақ үшінші тоқсанда оқушылар 10 апта оқиды, көктемгі каникул 2025 жылдың 21-31 наурызды қоса алғанда 11 күнге созылады. Ал төртінші тоқсан күнтізбеге сәйкес сегіз оқу аптасынан тұрады.
Сондай-ақ күнтізбе бойынша 9-10 сынып оқушыларына арналған қорытынды емтихандар 2025 жылғы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында, 11-12 сынып оқушыларына арналған емтихандар 30 мамыр мен 12 маусым аралығында өтеді.
Айта кетейік, 2025 жылғы 1-4 қаңтар демалыс күндері болып белгіленді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыру туралы бұйрығымен сілтемеге өтіп танысуға болады.